Қазақстан мен Ресей сарапшылары кеңесінің отырысы өтті

Қазақстан мен Ресей арасында сауда-экономикалық, гуманитарлық, энергетикалық, су ресурстары және өзге салаларда ынтымақтастықтың әлеуеті зор.

Тату көрші және стратегиялық әріптес елмен бірлескен іс-қимылдарды кеңейту жолдарын Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесі талқылады. Жиын елордада Ресей Президентінің елімізге сапарына орай Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты және Ресейдің әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының бастамашылығымен ұйымдастырылды. Сарапшылар экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, көлік-логистика, энергия көздерін қолданудағы бірлескен шешімдер жайында пікір алмасты. Ғылым мен білімді, жастар саясатын дамыту бағытында да ұтымды ойлар айтылды. Сондай-ақ енді сарапшылар кеңесінің отырысын дәстүрлі түрде өткізіп, бірлескен бастамаларды тиімді жүзеге асыру көзделіп отыр.

Айдар Құрмашев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы:

- Бұндағы айтылған мәселелер келісілген мәселелер бойынша ұсыныстар Мемлекет басшысына жолданатын болады. Қазіргі таңда Қазақстан тек қана шикізатты тасымалдау емес, транзиттік жолдарды дамыту, өнеркәсіпті дамыту мүмкіндіктерін ашу болып отыр. Сарапшылар арасында қандай жаңа мүмкіндіктер бар, мысалға цифрлық экономиканы дамыту, креативті экономиканы дамыту, кіші, орта бизнесімізге қандай мүмкіндіктер ашуға болады, сол мәселелер көтеріледі.

Федор Войтоловский, Ресей ғылым академиясы Е.М.Примаков атындағы ӘЭХҚИ директоры:

- Бүгін бірегей орган Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесінің екінші отырысы өтіп жатыр. Ол екі жыл бұрын қазақстандық тараптың бастамасымен құрылды. Біздің институттарымыз 20 жылдан астам тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Екіжақты қарым-қатынастар, сонымен қатар аймақтық және жаһандық деңгейдегі кез-келген мәселелер мен үдерістерді ашық талқылауға болатын осындай бірлескен сарапшылар кеңесін құру – Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми-сарапшылық диалогтың жаңа сапалы деңгейге шыққанын білдіреді.