Үкіметаралық кеңес: Қазақстан мен Қырғызстан қандай құжатқа қол қойды?
Премьер-министр Олжас Бектенов Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаровпен Бішкектегі Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің XII отырысына қатысты, деп хабарлайды 24KZ. Үкімет басшылары көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика және су ресурстары саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
XII Үкіметаралық кеңес отырысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша оң динамика барын ерекше атап өтті. Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 1,2 миллиард доллардан асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ке артқан. Екі ел арасындағы байланыстың жандана түскенін экспорттық-импорттық жүк тасымалының артуынан да байқауға болады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 4%-ке өсіп, 3 миллион тоннаға жетті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Садыр Нұржоғажаевич Жапаровтың бірлескен күш-жігерінің арқасында соңғы жылдары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік үлкен жетістікке жетіп, одан әрі нығайып келеді. Айта кету керек, биыл сәуір айында Қырғызстан президентінің Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындылары мен алтыншы жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы екіжақты қатынастарға жаңа серпін берді.
Үкімет басшылары Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы көлік бақылау бекеттерін дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру жағын талқылады. 2028 жылға дейін жеті өткізу бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Қазақстан заманауи автоматтандырылған бақылау және тексеру жүйелерін енгізбек. Отырыс барысында сондай-ақ су-энергетикалық ынтымақтастықты нығайту және Жамбыл облысында «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автокөлік өткізу бекеттері маңында логистикалық кешен салу жоспары талқыланды. Ұзақмерзімді стратегиялық мақсат – 2030 жылға қарай екі ел арасындағы тауар айналымын 3 миллиард долларға жеткізу.
Ақылбек Жапаров, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы:
- Белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін біз өнеркәсіптік және азық-түлік кооперациясын кеңейтуіміз керек. Сауда, әсіресе электрондық коммерция саласында жаңа мүмкіндіктер ашуымыз қажет. Логистика саласында ірі инвестициялық жобалар қажет. Сонымен қатар тауар қозғалысына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды да азайту маңызды.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың арасында ХІІ Үкіметаралық кеңес отырысының қорытынды хаттамасы, ауыл шаруашылығы өнімдері тасымалын арттыру бойынша Жол картасы және туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум бар. Сонымен қатар Қазақстанның Ыстықкөл жағалауында орналасқан төрт пансионатқа меншік құқығын реттеу туралы келісім жасалды.
Авторы: Бақыт Чермашев.