Парижде Франция мен Қазақстан қарым-қатынасын нығайту мәселелері талқыланды

Басқосуға жергілікті мемлекеттік орган, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысқан, деп хабарлайды 24kz.

Франциядағы Қазақстан елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парижге сапары қос мемлекеттің қарым-қатынасында жаңа кезеңге жол ашқанын айтты. Қазақстанның ауыл шаруашылығы көрмелеріне қатысуы, Су саммитін бірге ұйымдастыруы және Гиме мұражайында тұңғыш ұлттық көрменің ашылуының арқасында арадағы серіктестік одан ары нығая түскен. Франция мен Қазақстанның іскер форумынан кейін де біздің елге қызығушылық танытып жатқан француз компаниялары көбейді. Сонымен қоса, биыл денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және мәдениет салаларында бірқатар ортақ жобалар іске асқан.

Адриен Фов, Париж-Сакле университетінің доценті:

- Қос мемлекет арасында жоғары деңгейдегі қарым-қатынас нығайып келеді. Жыл соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға мемлекеттік сапармен келді. Екі тараптың бастамасымен су саммиті өтті. Енді міне, бүгінгі кездесуде түрлі сала өкілдері бас қосып отыр. Бұл аса маңызды.

Кристель Гизуам, «Tereos» компаниясының департамент директоры:

- Бұл кездесуге Францияның ауыл шаруашылығы кооперативі атынан қатысып жатырмын. Біз Қазақстанмен түрлі бағыттарда ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Сол үшін сіздердің елдеріңіз туралы көбірек білгіміз келеді. Бізді жақсы қарсы алып, барлық сұрақтарымызға жауап беріп жатыр.

Орельен Ромбо, «Eramet» компаниясының департамент басшысы:

- Біздің компанияның түрлі елдерде жұмыс істеу бойынша халықаралық тәжірибесі мол. Жаңа мемлекеттерге шығу оңай емес. Бірақ арадағы қарым-қатынастың нығаюына байланысты біз сенімді түрде алға қарай жылжып, жаңа жобаға тезірек кірісіп кете аламыз.