Жаңа Бюджет кодексінің жобасы таныстырылды

Сенатта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген жаңа Бюджет кодексінің жобасы таныстырылды.

Ол халықаралық стандарттар мен қазіргі заманның сын-қатерлеріне сай келетін ашық, тиімді әрі икемді жүйені құруды көздейді. Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, жаңа кодекстің басты сипаты – фискалдық, салықтық және несиелік саясаттардың үйлесімділігінде болады. Бұл тұста республикалық және жергілікті бюджеттер, Ұлттық қор мен квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы қатынастарды реттейтін жаңа бөлім енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, бюджет деректерін жариялау, салықтық шығындар туралы есептерді енгізу және олардың тиімділігін бақылау жоспарланған. Ал жергілікті бюджеттердің қосымша кірістері – жолдар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ басқа да маңызды жобаларға бағытталады. Яғни өңірлердің инфрақұрылымдық дамуы басымдыққа ие болады. Жалпы мұндай реформа, соңғы 14 жылдағы өзгерістерді ескере отырып, ресурстарды тиімді пайдалану мен ел экономикасының орнықты дамуына мүмкіндік береді.

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- Бүгін біз депутаттарға жаңа Бюджет кодексінің жобасын таныстырдық. Қазір ол процедуралық құжат болып есептелсе, енді стратегиялық құжат болып қалыптасады. Өйткені кодекстің жобасында бюджетті тиімді жоспарлау мен  тетіктері қарастырылған. Сондай-ақ қаржы саясаты мен несиелік бағыттарды да қамтып отырмыз. Жалпы негізгі өзгерістер осындай.