Президенттер экономикалық интеграция жұмысын қорытындылады

akorda.kz

Санкт-Петербургте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президенттер бүгін экономикалық интеграция жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарларды айқындады. Маңызды құжаттар қабылданады. Келісімдер көкжиегі кең. Онда қандай бағыттар қамтылды? 

Санкт-Петербург әдеттегідей мейрам қарсаңында маңызды саяси оқиғалардың орталығына айналды. Қалада қауіпсіздік күшейген. Көшелер жабылып, Ленинград облысына баратын жолға шектеулер енгізілді. Олай болуы түсінікті. Мұнда өтіп жатқан жоғарғы деңгейдегі келіссөздер әлем саясатының назарын аударып отыр. Кеше ғана ТМД елдері басшылары бейресми бас қосқан еді. Бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Жаңа жыл алдындағы жоспарлар өте ауқымды. Маңызды құжаттар қабылданып, бірлестік көкжиегі кеңеюі мүмкін. Демек экономикалық интеграцияға тағы бір жаңа ойыншы қосылады.

Жиын президенттердің бірге суретке түсуінен басталды. Ұйымға төрағалық етіп жатқан Армения премьер-министрі Никола Пашинян ковид вирусын жұқтырып алғанына байланысты жиынға келе алмай, отырысқа онлайн қосылды. Ал қалған қатысушылардың қатары түгел. Отырыста Никола Пашинян жыл жетістіктерін жіпке тізді. Оның айтуынша, энергетика саласында ортақ нарық құру, кедергілерді жою, көліктік логистикалық инфрақұрылымды дамыту саласында серпіліс бар. Иә, ресми сандарға қарасақ, ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы ЖІӨ өсімін көрсетті. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның көрсеткіші биыл 4,2%-ке өсті.  Ал болжам бойынша одақтың ЖІӨ өсімі 4,1%-ке жетеді.

Анастасия Николаенко, саясаттану ғылымдарының кандидаты:

- Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер арасындағы сауда айналымын ұлғайту маңызды болып тұр. Санкт-Петербургтегі жиын жаңа сауда келісімдерін жандандыруға және құжаттарға қол қоюға арналған. Қазір ұйымға мүше елдер агроөнеркәсіптік секторындағы әріптестік нығайып келеді. Энергетикалық сектор, дайын өнімді импорттау бағытында да белсенді жұмыс байқалады.

Күн тәртібі маңызды мәселеге толы. Президенттер ЕАЭО туралы шартқа өзгеріс енгізуі мүмкін. Атап айтқанда, демпингке қарсы шаралар қабылданып, өтемақы мәселесі талқыланады. Одан бөлек, сарапшылар кедендік транзитке қатысты келісім күтеді. Бұл жоба саудадағы серіктестікке серпіліс береді. Оның ішінде Орта дәлізді дамытуға септігін тигізеді деген пайым бар. Қаралатын мәселелердің қатарында Иранды қатарға қосу мәселесі де бар. Нарығы үлкен, әлеуетті серіктестіктен күтер үміт мол.

Александр Кетов, Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университеті конфликтология кафедрасының доценті:

- Иран Ислам Республикасымен интеграциялық процестердің басталуы уақыт еншісінде еді. Болашақта бұл байланыс тек күшейе түседі деп ойлаймын. Тараптардың жақындасуына себеп көп. Соның бірі – геосаяси жағдай. Әрине, арамызды жалғап тұрған Каспий теңізін де ұмытпауымыз керек. Бұл байланыстың әлеуеті мол.

Ал жиынның жалпы қорытындысын кеңейтілген құрамдағы отырыстан білетін боламыз. Келесім көкжиегі энергетика және қызмет саласын да қамтуы мүмкін. Жалпы бұл жылдың қорытындылайтын ғана емес, алдағы жоспарды айқындайтын алаң. Сол үшін де қабылданатын ауқымы кең, әлеуеті ұшан-теңіз маңызды құжаттарды қабылданады деуге болады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев.