Қарағандыда туристік компания басшысы сотталды
Ол 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың тамызына дейінгі аралықта 21 адамды алдап соққан, деп хабарлайды 24KZ. Алдын ала туристік қызмет көрсету шартын жасасып, міндеттемелерді орындау ниеті жоқ екенін біле тұра, жақын және алыс шетелдерге жолдама сатқан. Сөйтіп, жәбірленушілердің 24 млн теңгеден астам ақшасын жымқырған.
Мысалға, астаналық тұрғын отбасымен Түркияда демалу үшін осы туристік компаниядан 2,5 миллион теңгеге бес жолдама сатып алған. Алайда әуежайға барған бойда ұшақ билеттерінің тіркелмегенін және қонақүйдің дайын еместігін білген. Осындай сан соғып қалған жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылып, сот үкімімен сотталушы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.