Қазақстан мен Қытай парламентаралық ынтымақтастықты нығайтпақ
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қытайға барды, деп хабарлайды 24kz.
Ресми сапар аясында Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің және Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағаларымен кездесті. Жиын барысында парламентаралық ынтымақтастықты нығайту перспективалары және алдағы кезеңге арналған бірлескен жобаларды іске асыру жайы талқыланды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Ресми сапар барысында Мәулен Әшімбаев Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен кездесті. Сұхбат барысында Парламент Сенатының спикері екі ел басшылары деңгейіндегі екіжақты тиімді уағдаластықтардың арқасында аса маңызды құжаттарға қол қойылғанын атап өтті.
Мәулен Әшімбаев екі елдің негізгі билік институттары арасындағы ынтымақтастықты өзара іс-қимылдың маңызды тетігі ретінде атап, оны одан әрі нығайтуға жоғары деңгейде баса мән беріліп отырғанын айтты. Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық кешенді өзгерістерге кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Парламентпен бірге негізгі мемлекеттік институттарды жаңғырту, Сенаттың заң шығару қызметі, сенаторлардың мәслихат депутаттарымен өзара іс-қимылы және басқа да реформалар туралы сөз болды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазіргі таңда достық пен тату көршілікке негізделген Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді деуге толық негіз бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, біз жылдан жылға мазмұны байып келе жатқан шынымен де үлгі етерлік мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Мемлекет басшылары арасындағы берік достық, тығыз әрі сенімді диалог елдеріміздің өзара стратегиялық серіктестігін нығайту жолында аса маңызды рөл атқарады. Осындай динамиканың арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қатынастар дамудың жаңа «Алтын дәуіріне» қадам басты.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Өз кезегінде Ван Хунин қазақ-қытай қарым-қатынастарының деңгейіне жоғары баға беріп, екі мемлекет басшыларының өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жандандыру жолындағы рөлін атап өтті.
Сондай-ақ ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың маңызына назар аударып, Қытай алдағы уақытта белсенді диалогты нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге және екіжақты форматта да, халықаралық аренада да Қазақстанмен өзара іс-қимылды белсенді дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Ал, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Сенат Парламенті мен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды. Тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және өзге де бағыттардағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде пікір алысты.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Сұхбат кезінде Чжао Лэцзи екі мемлекеттің басшылары белгілеп берген міндеттерді бірлесіп іске асыруға дайын екенін білдіріп, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы және басқа да бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын жоғары бағалады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын