Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян саммитке келгені үшін Қ.Тоқаевқа алғыс айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекет басшысы өзіне көрсетілген сый-құрметі мен қонақжайлық үшін ризашылығын жеткізіп, «Абу Дабидің орнықты даму апталығының» сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен Абу Дабиде және Дубайда өткен кездесулерді ықыласпен еске алып, келіссөздер нәтижесі екіжақты қатынастарға тың серпін бергеніне әрі ықпалдастықтың жаңа бағыттарына жол ашқанына назар аударды. Президент бүгінде Біріккен Араб Әмірліктері еліміздің экономикасына қаржы құйған он ірі шетелдік инвестордың қатарына кіретінін атап өтті. Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысуға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалап, Қазақстанмен арадағы саяси диалог пен экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтудің және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңызына тоқталды. Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы байланыс 2025 жылы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп, екі елдің дамуы мен өркендеуіне ықпал ететініне сенім білдірді. Ол халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен орнықты дамудағы өзекті мәселелерді шешуде Астананың үлесі зор деп санайды.