Сенат төрағасы жаһандық мәселелерде Қазақстан мен Қытай ұстанымдары сәйкес екеніне назар аударды
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қытай халық республикасына сапары аясында Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитеті Төрағасының орынбасары Ши Тай-энмен және қытайлық дінбасыларымен кездесті.
Сұхбат кезінде рухани дипломатияны дамыту мәселелері мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі аясында дінаралық және конфессия-аралық диалогты нығайту барысы талқыланды. Жоғары палата спикері бұдан бөлек бірқатар маңызды жүздесулер өткізді.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайдың дін лидерлерімен кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Қазақстан мен Қытайдың ұстанымдары сәйкес екеніне назар аударды. Сенат төрағасы Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған бірқатар халықаралық бастамаларына тоқталды.
Соның ішінде рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдырудағы беделді әрі іргелі алаңға айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезінің өзектілігіне тоқталды. Ол қазіргі сын-қатерлер мен геосаяси шиеленістер жағдайында рухани дипломатия арқылы адамзатты алаңдатқан әлемдік, экологиялық және рухани мәселелерді шешуге ықпал етуге тиіс екенін айтты. Сонымен қатар жас көшбасшыларды Съезге жұмылдыру өркениетаралық және конфессияаралық диалогтың қалыптасқан дәстүрі мен сабақтастығын сақтауға оң әсер ететінін жеткізді. Сондай-ақ, Қытай даосистер қауымдастығы мен Қытай буддистер қауымдастығының төрағаларына Съезге белсенді қатысып, бейбітшілікті сақтауға және конфессияаралық диалогты дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін алғыс білдірді. Сенат спикері бейбітшілік пен мәдениетке табан тіреген диалог арқылы діни, саяси және қоғамдық көшбасшылардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезіне шақырды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Өз кезегінде Ши Тайфэн Қазақстанның түрлі діндер өкілдері арасында диалог орнату және толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін ілгерілету бағытында жүргізіп келе жатқан саясатын жоғары бағалады. Сондай- ақ ол Съезд жұмысы аясында Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі және Қытай дін көшбасшылары жаңа бірлескен жобалар үшін ашық екенін атап өтті.
Сенат төрағасы Қытай сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен және осы елде оқитын қазақстандық студенттермен кездесті. Ынтымақтастықтың жаңа форматтары мен тетіктері, қақтығыстардың алдын алу, оларды шешу мәселелері сөз болды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ынтымақтастық пен екі елдің мүдделерін өзара құрметтеу бірлескен жобалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, маңызды мәселелердің шешімін табуға ықпал етеді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі жасампаз ынтымақтастық саясатын дәйекті түрде дәріптеп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тығыз өңірлік кооперацияны нығайтудың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Мұндай қадам өңірдің дамуына жағдай жасап қана қоймай, бүкіл Орталық Азияның халықаралық қатынастардағы субъективтілігін арттыруға ықпал етеді. Біз бұл бағытта Орталық Азия және Қытай форматында үлкен перспектива көріп отырмыз. Оның аясында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып, сауда-саттық аясын кеңейтуге болады. Сонымен қатар инновациялық технологияларды ілгерілетіп, инвестция тартуға мүмкіндік туады. Биыл Астанада екінші Орталық Азия-Қытай саммиті өтеді. Ол жерде маңызды мәселелер Орталық Азия мен Қытай арасындағы алдағы қарым-қатынасы жөнінде маңызды мәселелер қарастырылады деген ойдамын. Оның нәтижелі әрі тиімді өтетініне сенімдімін.
Жиынға Қытай елінің белді халықаралық деңгейдегі сарапшылары мен ғалымдары қатысты. Тараптар өзара сұхбаттасып, екі елдің қарым-қатынасы мен ынтымақтастығы, бүгінгі мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.
Чжао Хуашэн, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы:
- Бүгінде қос мемлекет арасында IT салада соның ішінде цифрлық экономика, сауда-саттық, өндіріс саласын жаңғырту бағытында тығыз байланыс орнатылған. Бұл бұған дейінгі дәстүрлі сауда-саттық емес. Дәрежесі әлдеқайта жоғары деңгейге жетіп отыр. Бұл әлем дамуымен бірге алға жылжуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық бұрын- соңды болмаған дәрежеге жетіп отыр. Бұл қарым-қатынасты одан әрі дамытуға үлкен мүмкіндік. Екі елдің экономикалық ынтымақтастығы үлкен маңызға ие. Бұл Қытай үшін де Қазақстан үшін де тиімді. Оның үстіне екі мемлекеттің экономикалық құрылымы бірін-бірі толықтыра алады.
Бұдан кейін қазақстандық делегация Чжэцзян провинциясына аттанды. Онда қытайдың озық технологиялы алып компанияларының қызметімен танысты. Бұдан кейін Мәулен Әшімбаев Чжэцзян провинциясының губернаторы Ван Хаомен кездесті. Онда тараптар екі елдің сауда-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыру және өңіраралық кооперация мәселелерін талқылады. Сенат төрағасы өңірлердің мүдделерін қорғайтын Палатаның депутаттары ретінде сенаторлар Қазақстан облыстары мен Қытай провинциялары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға елеулі үлес қоса алатынын атап өтті. Алдағы уақытта осы бағыттағы тығыз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Провинция губернаторы Қазақстан Президентінің «Әділетті Қазақстан» қалыптастыруға арналған бастамаларын тиімді іске асыру нәтижесінде қол жеткізілген ілгерілеуді жоғары бағалады.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Өз сөзінде Ван Хао өңірлік серіктестікті кеңейтудің және Қытай провинциялары мен Қазақстан облыстары арасында тәжірибе алмасудың маңызына, сондай-ақ тиімділігіне тоқталып өтті.
Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын