Жерсерік арқылы 4,8 мың заңсыз қоқыс полигоны анықталды. LIVE

Былтыр ғарыштан түсірілген суреттер ел өңірлерінде 4,8 мыңға жуық заңсыз үйілген қалдықтарды анықтауға көмектесті. Олардың барлығы дерлік жойылды.

Елде қалдықтарды қайта өңдейтін 41 зауыт салынады. Экологиялық хал ахуалды жақсарту шаралары бүгін Үкімет отырысында егжей тегжейлі қаралды. 

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Спутниктік технологиялар қоқыс үйінділерімен күрестің тиімді құралына айналды. Әрбір заңсыз жағдайды «Қазақстан Ғарыш Сапары» тіркеуге алып, аумақтық экология департаменттеріне жеткізіп отыр. Әрі қарай тиісті шара қолданылады. Экология министрі тіпті, кейінгі жылдары анықталған заңсыз қоқыс үйінділерінің саны азайып келе жатқандығын айтты.

Ерлан Нысанбаев, Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Сонымен 2024 жылы 164 лауазымды тұлға жалпы көлемі 9,4 млн теңгеге, оның ішінде аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде 61 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соңғы жылдары анықталған қоқыс үйінділерінің саны едәуір азайды. Мәселен, 2018 жылы 8,7 мың қоқыс үйіндісі анықталып, оның 57%-ті жойылса, 2024 жылы шамамен 4,8 мың қоқыс үйіндісі анықталып, оның 91%-ті жойылды.

Экологиялық мәдениет күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өйткені экология саласында қордаланып қалған проблемалар аз емес. Премьер министр Олжас Бектенов бірқатар мәселеге назар аударып, мүдделі органдарға тапсырмалар жүктеді. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы Париж келісіміндегі міндеттемелерге сәйкес, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтудың тиімді шараларын қабылдау қажет. Ауыл шаруашылығында бос жатқан жерлер мен тозығы жеткен жайылымдық алқаптарды сауықтырып, орман қорларын көбейту керек.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Экология министрлігі карбонды полигондар жобаларын іске асыру үшін тиісті заңнамалық түзетулер әзірлесін.

Үшінші. Экология және Цифрлық даму министрліктері стихиялық қоқыс орындарын анықтау үшін еліміздің аумақтарын ғарыштық мониторингпен қамтуды және мерзімді тексеруді ұлғайтсын.

Төртінші. Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, қоршаған ортаға эмиссияларды мониторингтеудің автоматтандырылған жүйелерін енгізуді жедел аяқтауға тиіс.

Алдағы уақытта қалалар мен елді мекендерді абаттандырудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізіліп, толықтырылады. Мәселен, жаяу жүргіншілерге, мүгедектерге, велосипед жүргізушілеріне қолайлырақ болуына басымдық берілді. Үй жануарлары серуендейтін аумақтарды тазарту, био-дәретханаларды орнату, жолдарды күтіп ұстауға және ғимараттардың сыртқы келбетіне қойылатын талаптар қайта қаралды.