Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 24,2 млрд долларға жетті

Астанада Премьер-министр Олжас Бектенов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды 24kz.

Оның барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жоспарлары қаралды. Өткен жылдың 11 айында өзара сауда көлемі 24,2 млрд долларға жетті. Алдағы кезеңде тауар айналымын 30 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Уағдаластыққа қол жеткізу мақсатында тасымалданатын тауарлар аталымын кеңейту жоспарланған. Келіссөздер нәтижесінде тараптар стратегиялық әріптестікті нығайтуға және барлық бағыт бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты ынтымақтастығымыз сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Маңызды міндет – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Соның ішінде екіжақты сауда көлемін 30 млрд-қа жеткізу. Қазақстан Үкіметі тығыз өзара іс-қимыл жасауға және барлық салада ынтымақтастықты дамытуға дайын.
Михаил Мишустин, РФ Үкіметінің төрағасы:
- Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біздің қарым-қатынасымыз достық, тату көршілік, өзара сыйластық және бір-бірінің мүдделерін ескеру қағидаттарына негізделген. Қазақстанда өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика саласындағы стратегиялық жобалар іске асып жатыр. Қазақстан мен Ресей аумағынан маңызды еуразиялық маршруттар өтеді. Біз «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің дамуына үлкен мән береміз. Болашақта оның осы аймақ үшін маңызды көліктік артерияға айналатынына сенімдіміз.