Сенат «Бюджет кодексі туралы» заңды Мәжіліске қайтарды
Енді бұдан былай Ұлттық қордан бөлінген қаражат игерілмесе, кейін қайтарылады.
Яғни қордан алынған әр тиынның тиімді игерілгені жіті бақыланады. Бүгін сенаторлар Бюджет Кодексіне түзетулер енгізіп, оны мәжіліске қайтарды. Депутаттар құжатқа 90-нан астам жаңа өзгеріс енгізуге бастамашы болды. Жалпы, мемлекеттік қазынаның шығыстарына мониторингті, сондай-ақ олардың тиімділігін бақылауды күшейту қажеттігін ұсынды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар Парламент алдында үнемі есеп беруге міндеттеледі. Бұл ретте мемлекеттік аудитке ақшаның қалай жұмсалатынын неғұрлым егжей-тегжейлі бағалау функциялары берілуі мүмкін. Түзетулердің бірқатары өңірлерді дамытуға және қаржылық дербестікті қамтамасыз етуге арналған. Сондай-ақ, Қаржы министрлігі салық төлеушілерге қандай салық жеңілдіктері берілгені туралы сараптамалық есеп беруге міндеттеледі.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасын іске асыру мақсатымен бюджет саласын түбегейлі реформалауды көздейтін жаңа Бюджет кодексі әзірленді. Бұл Кодекс бюджет саясатының тиімділігін, бюджет үдерісінің ашықтығын және оған қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Заңдарды қарау кезінде Сенат депутаттары бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауды қамтамасыз ететін тетіктер мен басқа да бағыттар бойынша түзетулер қабылдады. Бүгін қаралған заңдар мемлекеттің фискалды саясатын тиімді іске асыруға және еліміздің стратегиялық құжаттарында айқындалған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді деп сенеміз.