Алматыда шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты басталды

88 мемлекеттен 850-ден аса шахматшы қатысып жатқан додада 8-12 жас аралығындағы ұл-қыздар бақ сынайды, деп хабарлайды 24kz.

Олардың арасында Үндістан, Қытай, АҚШ секілді елдердің өрендері бар. Ең көп спортшы Қазақстанның еншісінде. Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан турнир айдың соңына дейін жалғасады. Қазақстан құрамасында Аланна Берікқызы, Марк Смирнов және Ханзада Аманжол сынды былтыр Италияда өткен әлем біріншілігінде жүлдегер болған балалар бар. Чемпионат өзге жас шахматшылардың да өзін халықаралық аренада көрсетуге мүмкіндік береді.

Аркадий Дворкович, Халықаралық шахмат федерациясының президенті:

- Мұнда жеңіске жету және үздік ондыққа ену үшін қазақстандық құрамада үлкен мүмкіндік бар. Өйткені 200-ден аса бала қатысып жатыр. Бір жағынан бұл Қазақстанда шахматтың шынымен дамып келе жатқанын көрсетеді. Ал жеңімпаздар бүкіл әлемге танымал болады және болашақта ересектер арасында әлем чемпионы атануы әбден мүмкін.