Алматыда тарихи матч басталуға жақын. Live

Ойынның басталуына әлі бірнеше сағат барына қарамастан, жанкүйерлер стадион маңына жиналуда.

Қазақстандықтар асыға тосып жүрген матчтың басталуына екі сағаттай уақыт қалды. Қазір біз стадион маңында тұрмыз. «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы кездесуге билет алғандар стадионға кіруге кезекке тұруда. Алғашқы көрермендер ішке жіберіліп те жатыр. Ала доптың жанкүйерлері ойынды тағатсыздана күтуде. Бұл –  біздің команда мен еуропалық футбол алыбы арасындағы кездесуге деген қызығушылықтың қаншалықты жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Жанкүйерлер арасынан «Қайраттың» жақтастарын жазбай тануға болады. Көпшілігі қала клубының эмблемасы бар шарфтар тағып, сары жейделер киіп алыпты. Қазір олардың өздерімен тілдесіп көрейік.

Бүгінгі ойын кәсіби сарапшылар арасында да бірнеше күннен бері талқылануда. Кеше «Қайрат» пен «Реал» клубының ойыншылары мен жаттықтырушыларының қатысуымен футбол тақырыбын қаузап жүргендер үшін арнайы баспасөз мәслихаты да ұйымдастырылды. Орайы келгенде ойдағы сұрақтарын қойып, жауап алғандар да бар. Әрине, алдағыны ойын көрсетеді. Дегенмен «Қайраттың» қарымы қандай? Бұл сұрақты спорт комментаторы Әлімжан Асқарға қойып көрейік.

Қазір күллі қазақ тақымын қысып отырғаны белгілі. «Қайратқа» сәттілік серік болсын дейміз. Жеңіспен сүйіншілейік.