Елде қысқы спорт түрлері дамып келеді

Ақмола облысында 25 мыңға жуық адам қысқы спорт түрлерімен айналысады. Олардың дені шаңғы мен биатлонды құп көреді.

Бұдан бөлек 17 спорт мектебінде 2 жарым мыңға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Болашақ Олимпиадашылардың қазіргі дайындығы қалай? Олардың емін-еркін жаттығуы үшін қандай жағдай жасалған? 

Бұл талай атақты шаңғышылар мен биатлоншыларды түлеткен Сандықтау ауданындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі. Тек қысқы спорт түрлеріне арналған білім ошағында қазір 400-ге жуық бала шынығып жүр. Олардың алды ел чемпионаттарында топ жарған. Спортқа енді бет бұрған балғындар да көп. Жас спортшылар да үлкен додаларда бақ сынауды армандайды.

Маргарита Кручинина, оқушы:

- Мен биатлонмен 4 жылға жуық айналысамын. Осы уақыт аралығында аудандық, облыстық жарыстар да топ жарып, жүлделі орындар иелендім. Ендігі мақсатым республикалық және халықаралық жарыстарға қатысу.

Жас биатлоншылар аптасына 5 рет жаттығу өткізеді. Қазір олар қысқы Олимпиада ойындарын көріп, ерекше шабытпен жаттығып жүргендерін жасырмайды. Болашақта ұлттық құрама сапына қосылып, олимп шыңын бағындыруды мақсат еткен.

Марк Шефер, оқушы:

- Менің арманым олимпиада ойындарына қатысу. Қазір Ақ Олимпиада жарыстарын үзбей көріп жүрмін. Отандық спортшыларға жанкүйермін. Алдағы уақытта мен де сол спортшылар сияқты қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, көк туымызды көкке көтергім келеді.

Былтыр спорт мектебі күрделі жөндеуден өткен. Оған облыстық қазынадан 177 млн теңге бөлінді. Енді жаңартылған нысанда балғын спортшылар күні-түні жаттыға алады. 

Максим Монахов, жаттықтырушы:

- Бізде балалардың жаттығуы үшін барлық жағдай жасалған. Жөндеу жұмыстарынан кейін шаңғы жолақтары кеңейтіліп, қорғаныс бекеттері орнаталды. Сондай-ақ, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Енді біз кешкі уақытта да жаттығу жасай береміз.

Қазір өңірде 11 шаңғы базасы мен 100-ден астам хоккей корды жұмыс істейді. Жыл сайын осы нысандардың техникалық базасы толығып, ескірген ғимараттар жаңартылып тұрады. Бұдан бөлек биыл аймақта 4 спорт нысаны қолданысқа беріледі.

Ардақ Төлендин, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Бестөбе қаласында шағын стадион мен спорт сарайымыз бар. Жақсы қаласында спорт сарайы бірінші квартал да екі обьекті салып бітіреміз деп жоспарланып отыр. Одан басқа Степногорск қаласында спорт сарайын салып жатыр. Ол енді жылдың аяғында дейін салынып бітеді деп ойлаймыз.

Қазір төрткүл дүние көз тіккен қысқы Олимпиада ойындарына ақмолалық алты спортшы қатысып жатыр. Оның үшеуі шорт-трек, қалғаны шаңғы жарысынан бақтарын сынауда. Ақмолалықтар олардан зор үміт күтеді. Жалпы жергілікті спортшылардың осындай байрақты бәсекеге қатысуының өзі өңірдегі қысқы спорт түрлерінің дамуының айқын көрінісі деп бағалауға болады.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный