Михаил Шайдоров әлемдік рейтингте көтерілді
Қазақстан құрамасы шаңғымен тұғырдан секіруден Олимпиада ойындарында 11-орын алды. Суперкоманда форматындағы бұл бәсекеде ел атынан Данил Васильев пен Илья Мизерных сынға түсті. Екеуі бірінші айналымда сәтті өнер көрсеткенімен келесі кезеңде финалға шыға алмады.
Шорт-трекшілер ширек финалда
Шорт-тректен Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша олимпиада ойындарының ширек финалына жолдама алды. Екеуі де 500 метрлік дистанцияда сәтті өнер көрсетті. Абзал 2-ші топтан мәреге бірінші болып келсе, Денис үшінші топтың арасынан үшінші болып аяқтады. Енді ширек финалдан бастап ақтық сын бәсекелері ертең түнде өтеді. Көпшілік шорт-трекшілерден медаль күтетіні сөзсіз. Екеуі де төрт жылдықтың басты додасына төртінші рет қатысып жатыр.
Абзал Әжіғалиев, шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі:
- Әрине, Олимпиада болған соң қиын болады. 1/8 финал болса да қарсыластарым өте жоғары деңгейде дайындалып келген. Жанкүйерлерді бізді қолдауға шақырамын. Әлеуметтік желіден көріп жатамыз. Бізге қолдау өте маңызды.
Жандос Айтбайұлы, спорт сарапшысы:
- Абзал мен Денистің қоржынында барлық жарыстың жүлдесі бар. Оларға Олимпиада жүлдесі жетпей тұр. Бұл – біз үшін құтты арена. Дәл осы мұзайдында Михаил Шайдоров ел қоржынына алғашқы алтынды салған болатын. Ендеше құтты арена болсын деп тілейік. Шайдоровтың салып кеткен сара жолымен Абзал да, Денис те жүлдеге ілігіп, ел мерейін асқақтата берсін деген тілегіміз бар.
Михаил Шайдоров әлемдік рейтингте көтерілді
Михаил Шайдоров олимпиада ойындарының чемпионы атанғанан кейін әлемнің ең үздік мәнерлеп сырғанаушыларының қатарына қосылды. Халықаралық конькишілер одағының рейтингінде үшінші орынға көтерілді. Оның еншісінде 4961 ұпай бар. Ал америкалық Илья Малинин мұзайдындағы сәтсіздігіне қарамастан рейтингте әлі де болса 5410 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орынға 5096 ұпаймен жапониялық Юмо Кагияма жайғасқан.
Бүгін жарыс жолына шығатындар
Бүгін 4 спорт түрінен олимпиадашыларымыз жарыс жолына шығады. Әуелі Шыңғыс Ракпаров шаңғы қоссайысынан сынға түссе, фристайл-акробатикадан Аяна Жолдас іріктеу кезңіне қатысады. Сондай-ақ, ерлерден Шерзод Хаширбаев пен Дінмұхамед Райымқұлов және Асан Асылхан мен Роман Иванов бақ сынайды. Кешкісін конькимен жүгіруден әйелдер құрамасы өнер көрсетсе, түнде Софья Самоделкина мәнерлеп сырғанаудан мұзайдынға шығады. Айта кетейік, әзірге Қазақстан құрамасы қысқы олимпиада ойындарының жалпы командалық кестесінде 1 алтынмен 17-ші орында келе жатыр. Көш басында Норвегия, Италия, АҚШ құрамалары тұр.