4 боксшымыз Монғолиядағы Азия чемпионатының финалына жолдама алды
Теннистен 16 жастағы Томирис Нұржан Алжирдегі турнирде топ жарды. Отандасымыз күн райының қолайсыздығына қарамастан қарсыластарынан басым түсті.
Ол финалдық бәсекеде ресейлік Варвара Виноградовамен кездесіп, жарыс жеңімпазы атанды. Яғни 5:3, 4:2 және 12:10 есебі тіркелді.
Әзірге ерлерден Төрехан Сабырхан ғана ақтық кезеңге шықты. Ол жартылай финалда қытайлық спортшымен жұдырықтасып, 3 мәрте нокдаунға түсірді. Сәйкесінше, жекпе-жек мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ал әйелдерден Дина Исламбекова мен Надежда Рябец және Бақыт Сейдіш алтын медальға таласады. Өкінішке қарай, Махмұд Сабырхан мен Ертуған Зейнуллинов, Валентина Хальзова жарысты жартылай финалдан аяқтап, азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Төрехан Сабырхан, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
- Рингте аяққа ойнап, өнер көрсетеміз деп ойлағанбыз. Енді ағамның бойынан кейін ашулы болып шықтым. Мұнда Моңғолиядан 2 спортшы ғана қалды. Ағама қысым көрсетіп жіберді. Моңғолияға ағайынды Сабырғандар мен қазақтардың қандай екенін рингте дәлелдегім келді. Ағайларымның ақылымен рингтегі жұмысымды атқарып шықтым.
Бүгін финалдық жолдамалар үшін тағы 6 боксшымыз шаршы алаңға көтеріледі. Күндізгі сессияда Нұрбек Оралбай мен Сабыржан Аққалықов, Әйгерім Сәттібаева өнер көрсетеді. Үшеуі де жергілікті моңғолиялық спортшылармен қолғап түйістіреді. Артынша аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай тәжікстандық боксшымен жекпе-жекке шығады. Ал кешкі сессияда 60 келідегі Оразбек Асылқұлов пен 90 келідегі Сағындық Тоғамбай өнер көрсетеді. Екеуі де өзбекстандық боксшылармен жұдырықтасып, финалдық жолдамаларды сарапқа салады.
Бақыт Сейдіш, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
- Финалға жолдама алдым. Оңай болған жоқ. Қарсыласым өте мықты. Бағлан, Елдос, Мұхит ағайларыма көп рақмет. Өйткені мені Азияға дайындаған сол кісілер. Сәйкесінше осындай жетістікке жетіп отырмын. Бұйырса финалда жақсы бокстасып, қазақ елінің үмітін ақтаймын. Бұл менің ересектер арасындағы бірінші азия чемпионатым. Осындай жасымда финалда жолдама алғаныма өте қуаныштымын.
Александр Бублик 11-орында тұр
Қазақстандық теннисшілердің ATP рейтингінде нешінші орында тұрғаны белгілі болды. Жаңартылған тізімде еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик өз позициясын сақтап, 11-орында қалды. Ал Қазақстанның екінші ракеткасы саналатын Александр Шевченко бір сатыға төмендеп, 77-ші орынға жайғасты. Ал Тимофей Скатов 4 саты жоғарылап, 198-ші орынға көтерілді. Әзірге әлемдік рейтингте испандық теннисші Карлос Алькарас көш бастап тұр. Екінші орынға италиялық Янник Синнер жайғасса, үздік үштікті неміс спортшысы түйіндеді.
Гимнасшылар тағы бір медаль еншіледі
Қазақстандық гимнаст әлем кубогының күміс жүлдегері атанды. Мысырда өткен соңғы жарыс күнінде Асан Салимов тіреніп секіру жаттығуы бойынша жалпы есепте 2-орын алды. Отандасымыз ақтық кезеңде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, 14,83 ұпаймен күміс медаль еншіледі. Бұл сында армениялық спортшы топ жарса, Чехия өкілі үздік үштікті түйіндеді. Айта кетейік, бұл Каирдегі әлем кубогында Қазақстан қоржынына түскен 3-ші жүлде. Бұған дейін Зейнолла Ыдырысов тұтқалы ат жаттығуында күміспен күптелсе, Нариман Курбанов қолаға қол созған болатын. Халықаралық жарысқа 30 елден 70-ке жуық спортшы қатысты.