Алматыда халықаралық шахмат турнирі басталды
Алматыда Шахматтан мектеп командалары арасындағы әлем чемпионатына іріктеу басталды. Жарысқа Азияның 19 елінен 26 команда қатысып жатыр.
Турнирді Халықаралық мектеп шахмат федерациясы Freedom холдингінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Бұл сайыстың қорытындысы бойынша Гранд-финал қатысушылары анықталады.
Халықаралық шахмат федерациясы ұйымдастырған турнирдің басты ерекшелігі мұнда тек жалпы білім беретін мектеп оқушылары қатысады. Әр команда 4 негізгі ойыншыдан тұрады. Алыстағы Австралия, Жаңа Зеландия, Үндістан, Қытай, Филиппин және басқа да елден келген жас өрендер өзара бақ сынайды.
Ричард Лю, Жаңа зеландиялық шахматшы:
- Мен шахмат ойнауды 7 жасымда бастадым. Қазір аптасына 20 сағат шахмат ойнаймын. Мен өз мектебімнің командасына ұлттық чемпионатта үлкен жетістіктерге жетуге көмектестім. Бүгін командам жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын. Жарысқа ұзақ уақыт дайындалдым және турнирді асыға күттім.
Қазақстан намысын 3 команда қорғайды. Олардың қатарында 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері бар. Соңғы деректерге сәйкес, Қазақстан мектептерінде 60 мыңнан аса бала шахмат үйірмесіне қатысады.
Тимур Турлов, Қазақстан Шахмат федерациясының президенті:
- Менің ойымша, қазір елімізде шахматты дамытуға өте керемет мүмкіндіктер бар. Бүгінде 2000-нан аса мектепте шахмат қосымша сабақ ретінде енгізілген. Мәселен, бастауыш сынып оқушылары дене шынықтыру сабағында шахматпен айналыса алады.
Мектеп оқушылары арасындағы халықаралық турнир 10 сәуірде аяқталады. Азия іріктеу кезеңінен өткендер гранд-финалға қатысады. Алда Африка, Америка және Еуропа құрлықтарының турнирі бар. Финалдық кезең 2026 жылдың желтоқсан айында өтеді.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев