Дзюдошы Аруна Жангельдина Қытайдағы Азия чемпионатында қола медальға ие болды
Қазақстан құрамасының дзюдошысы Аруна Жангельдина Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында үшінші орын үшін өткен белдесуде жеңіске жетті, деп хабарлайды 24KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
78 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақстандық спортшы қола жүлде үшін Тайбэй өкілі Ван Цзесимен белдесті.
Негізгі уақыт ұпайсыз аяқталды. Кейін қарсыласы үшінші ескерту алып, соның нәтижесінде Жангельдина жеңімпаз атанды.
Осылайша, Аруна Жангельдина Қазақстан құрамасына Азия чемпионатындағы бесінші медальді сыйлады.
Бұған дейін Әділет Алмат (81 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алған. Ал Эсмигүл Куюлова (63 келіге дейін), Абылайхан Жұбаназар (81 келіге дейін) және Айдар Арапов (90 келіге дейін) қола жүлдегер атанған.