Қазақстан құрамасы садақ атудан әлем кубогы кезеңінде төртінші орын алды
Қазақстан құрамасы садақ атудан Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан Әлем кубогының екінші кезеңінде төртінші орын алды, деп хабарлайды «24KZ» Оlympic.kz-ке сілтеме жасап.
Виктория Лян мен Мұса Ділмұхамет аралас командалар арасындағы жарыстың шешуші кезеңіне дейін жетті. Қола медаль үшін өткен кездесуде қазақстандық мергендер Эстония құрамасымен сынға түсті.
Тартысты бәсекеде қарсылас команда басым түсіп, кездесу 154:153 есебімен Эстония спортшыларының пайдасына аяқталды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы жарысты төртінші орынмен қорытындылады. Алтын медаль АҚШ құрамасына бұйырды. Америкалық спортшылар финалда Түркия құрамасын жеңді.
Сонымен қатар блоктық садақ атудан Қазақстан әйелдер құрамасы да үздік ондыққа енді. Виктория Лян, Роксана Юнусова және Диана Юнусова тоғызыншы нәтиже көрсетті.