БАҚ өкілдері үстел теннисінде бақ сынады

Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары арасында үстел теннисінен қалалық турнир өтті. Оған 40-қа жуық медиа саласының маманы қатысты.

Бәсекені өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырды. Үстел теннисінде қимыл мен ойлау қабілеті үйлесім табады. Журналистер жарысында «Хабар» телеарнасының қызметкері Қайрат Зиябеков қарсылас шақ келтірмеді. Әріптесіміз бас жүлде 500 мың теңгеге ие болды.

Қайрат Зиябеков, «Хабар» агенттігі АҚ қызметкері:

- Былтыр да қатысқанбыз. Былтыр бірақ жүлдесіз қайтқанбыз. Биыл бұйыртып, өте жақсы орын алып, бірінші орын алып қайтып жатқан жайымыз бар. Бәрі дайындалған. Жіті дайындалған. Байқалып тұр.

Балсұлу Әлекенова, қалалық ӨКҚ басшысы:

- Қатысушылар жақсы ойын көрсетті. Тартысты ойындар өтті. Оларды мамандықтары ғана емес, спортқа деген махаббаттары біріктірді. Турнирдің артықшылығы осы болды.