Елена Рыбакина турнирден шығып қалды

Ресейлік клубтар қазақстандық футболшы Максим Сомородовқа қызығушылық танытып отыр.

Дәл қазір “Ахмат” сапында ойнайтын отандасымызға мәскеулік “Локомотив” пен “Спартак” ұжымдары және «Краснодар» көз тігуде. Трансфермаркеттің мәліметінше, оның нарықтағы құны 3 миллион еуроға дейін өскен. Ол осы маусымда Ресей премьер-лигасында 29 матчқа қатысып, 5 гол соқты және нәтижелі 10 пасымен көзге түсті.

Сенсация. Елена Рыбакина Париждегі Ролан Гаррос турнирін ерте аяқтады. Ол екінші айналымда әлемдік рейтингте 55-ші орында тұрған украиналық теннисшімен кездесіп, күтпеген жерден ұтылып қалды. 3 сет қорытындысы бойынша 6:3, 1:6, 6:7 есебі тіркелді. Яғни бірінші сетті ғана өз пайдасына аяқтап, 1:2 есебімен қарсыласына жол берді. Ойын 2 сағат 30 минутқа созылды. Оның Ролан Гаррос турниріндегі ең үздік нәтижесі 2021, 2024 жылдары тіркелді. Екеуінде де тек ширек финалға дейін жеткен.

Елена Рыбакина, Теннистен ұлттық құрама өкілі:

- Физикалық тұрғыда өзімді өте нашар сезіндім деп айта алмаймын. Бұдан да қиын сәттер болған. Бірақ энергия жетіспеді. Допты дұрыс сезіне алмадым. Корт өте тайғақ болды. Көп қателікке бой алдырдым. Өзімді еркін сезіне алмадым.

А. Бублик алғашқы айналымда ұтылды

Сондай-ақ ерлерден Алексардр Бублик те Ролан Гаррос турнирін ерте аяқтап, кішігірім сенсация тіркелді. Қазақстандық спортшы алғашқы айналымда германиялық Ян-Леннард Штруффпен кездесіп, 4 сетке созылған тартысты матчта жеңіліп қалды. Қорытынды есеп 3:1. Ойын 3 сағат 13 минутқа созылды.

Бибісара Асаубаева көш бастап тұр

Бибісара Асаубаева Норвегиядағы турнирдің көш басына шықты. Қазақстандық шахматшы алғашқы турда сәтті өнер көрсетіп, жеке дара бірінші орында келе жатыр. Отандасымыз үндістандық тәжірибелі гроссмейстер Хампи Конерумен кездесіп, классикалық партияда жеңіске жетті. Қазір турнирлік кестеде отандасымыздан кейін 1,5 ұпаймен үндістандық және қытайлық шахматшылар жайғасқан. Айта кетейік, жарыста ерекше ұпай жүйесі қолданылады. Классикалық партиядағы жеңіске 3 ұпай беріледі. Егер негізгі ойын тең аяқталса, қосымша партия өткізеді. Онда жеңімпаз 1,5 ұпай алса, жеңілген ойыншыға 1 ұпай жазылады. Барлығы 10 тур ойнатылады. 6 шахматшы қатысатын дода екі айналым жүйесі бойынша өтеді.

Гимнастшылар 17 медаль жеңіп алды

Көркем гимнастикадан Бішкектегі Азия чемпионаты аяқталды. Спортшыларымыз ересектер мен жасөспірімдер арасындағы жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, бас аяғы 17 медаль жеңіп алды. Олар негізгі құраманың да, жас резервтің де деңгейі жоғары екенін дәлелдеді. Аруларымыз барлық бағдарламада жүлдеге қол жеткізді. Сәйкесінше, Жапониядағы азия ойындарына толық құрамда қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Лола Әділбекова, Көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Команда Бішкекте лайықты өнер көрсетті. Барлық гимнаст кілем үстінде сапалы жұмыс атқарды. Жалпы нәтижеге көңілім толады. Әрине, әлі де жетілдіретін тұстар бар. Бұл турнир біздің дайындықтағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Алда ірі халықаралық жарыстар күтіп тұр. Азия чемпионаты алдында бізге жазғы Азия ойындарына жолдама алу міндеті қойылған еді. Құрама бұл тапсырманы сәтті орындады. Қазақстан Жапонияда толық құрамда өнер көрсетеді.