Доп додасының айналасындағы дау-дамай

Футболдан әлем чемпионатының басталғанына көп болған жоқ. Десе де доп додасының айналасында дау-дамай тыйылар емес.

Жарыс басында АҚШ Африканың ең үздік төрешесі Омар Артанды елге кіргізбей, терористік ұйымдармен ымырасы бар деп айыптаған еді. Иран мен Ирак футболистері де елге-кіріп шығудан қиындықтарға тап болды. Ал билет құны рекордтық деңгейге жетіп, жанкүйерлер шығынға шаш етектен батуда. 

Биылғы әлем чемпионаты тарихтағы ең қымбат турнир болады. BBC мәліметінше, FIFA бір ай ішінде 9 миллиард доллардан астам табыс табуды жоспарлап отыр. Әрине, бұл қаржының дені жанкүйерлердің қалтасынан шығады. Билет құны мыңдаған долларға жетіп, футбол сүйер қауым «ұйым әу бастағы мақсатын жоғалтып алды» деп дабыл қағуда. Көрерменнен кері айналып, комерцияның ығына жығылғанына алаңдайды. Десе де Инфантино мұнымен келіспейді.

Джанни Инфантино, FIFA президенті:             

- АҚШ-та студенттік спорт жарыстарының билеттері де көбіне жүздеген доллар тұрады. Сондықтан әлем чемпионаты сияқты ауқымды шара үшін қазіргі бағасы әбден түсінікті деп санаймын. Бұған қоса, билеттердің тым арзан болуы алыпсатарлардың қызығушылығын арттырып, олардың билеттерді бірнеше есе қымбат бағамен қайта сатуына жол ашады.

Осылайша, төрткүлдүниенің басты додасын төрт жыл күткен жаһан жұртынан  маза қаша бастады. Билет құны былай тұрсын, ойындар қызықсыз деген пікірлер желіде желдей есіп жүр. Себебі биыл турнирге қатысатын командалар 48-ге көбейді. Салдарынан әлсіз құрамалар көбейіп, бәсекелестік азайды дейді жанкүйерлер. Бұл пікірмен футбол шенеуніктері де келісетін сыңайлы. Словениялық бірнеше басылым Уефа Президенті Александр Чеверинның пікірін жариялады. Оның айтуынша, аутсайдерлердің көбеюі жарысқа деген қызығушылықты азайтады. Кейін бұл мәлімдемені 13 құрама қатаң сынады.

Кабо-Верде, Кюрасао, Өзбекстан, Конго, Гаити, Алжир, Тунис, Марокко, Мысыр, Гана, Сенегал, Оңтүстік Африка, Кот-Д’ивуар Футбол федерацияларының бірлескен мәлімдемесі:

- Біздің елдер үшін әлем чемпионатындағы маңызсыз матчтар деген болмайды. Кабо-Верде, Кюрасао және Өзбекстан үшін әлем чемпионатына жолдама алу – тарихи жетістік әрі бірнеше ұрпақтың арманы. Ал Конго Демократиялық Республикасы мен Гаити сияқты елдер үшін ұзақ үзілістен кейін футболдың ең үлкен сахнасына қайта оралу - ерекше маңызға ие.  Бұл матчтарды маңызды емес деп ойлау өкініш тудырады және әлемнің түкпір-түкпіріндегі ойыншылардың, жаттықтырушылардың, клубтардың, футбол басшыларының және жанкүйерлердің еңбегі мен арманын елемеу деп есептейміз.

Спорт саясаттан тыс деп ұрандататын турнирдің өзі де сол саясаттың құрбанына айналды. Африканың ең үздік төрешісіне АҚШ-қа кіруге рұқсат берілмеді. Ол әлем чемпионатында қызмет ететін алғашқы сомалилік төреші атануы мүмкін еді. Ал Ирак құрамасының шабуылшысы Аймен Хусейн Чикаго халықаралық әуежайында жеті сағат бойы тергелді. Сенегал футболшылары да қатаң тексеріліп,  Өзбекстанның бас бапкерін қызметтік иттермен тінтіген. Ең сорақысы, Иран құрамасының жаттығу базасы Мексикаға көшірілді. Олар елге тек матч өтетін күні ғана кіруге рұқсат алады. Бұл FIFA талаптарына қайшы келеді, өйткені командалар ойынға кемінде бір күн бұрын келіп, дайындық жүргізуге тиіс. Оған қоса ирандық жанкүйерлер кепілдендірілген билет квотасынан айырылды.

Марко Рубио, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Иранға қатысты алаңдатарлық мәселе бар. Иран құрамасының құрамында тек спортшылар ғана емес, олармен бірге келетін Ислам революциялық гвардиясына қатысты адамдар бар. Біз оларды кіргізбеуіміз мүмкін. Олар біздің елге террористерін журналист немесе бапкер ретінде кіргізе алмайды.

Мұның бәрі стадион сыртындағы даулар. Алайда арена іші де айқау-шудан ада емес. Оңтүстік Корея мен Чехия құрамаларының матчында мексикалық шенеунік саусақтарымен көзін қысып блогерді нәсілшілдік белгілермен қорлаған. Ол Халиско штатының геодезист-инженерлер алқасының басшысы Улисес Берналь екен. Бұл әрекетін жанкүйерлер қатаң сынап, ақыры қызметінен қуылды. Айта кетейік, турнир бір айдан астам уақытқа созылып, 19 шілдеде аяқталады.

Авторы: Бекзат Аманов