Қазақстандық жеңіл атлеттер Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қытайдың Шаосин қаласында 17-22 маусым аралығында өткен жеңіл атлетикадан эстафеталық жүгіру бойынша Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды «24KZ».

Құрлықтық додаға Азияның тоғыз елінен 105 спортшы қатысты. 

Қазақстандық жеңіл атлеттер аралас 4×400 метрлік эстафетада 3 минут 16,75 секунд нәтиже көрсетіп, мәреге бірінші болып жетті.

Чемпиондық атаққа Аделина Земс, Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов және Мария Шуваловадан құралған қазақстандық квартет қол жеткізді.

Бұл сайыста Үндістан құрамасы күміс жүлдені иеленсе, жарыс қожайындары – Қытай спортшылары қола медальмен шектелді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы эстафеталық жүгіруден Азия чемпионатының жеңімпазы атанып, халықаралық аренадағы кезекті жарқын жеңісіне қол жеткізді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз