Бибісара Асаубаева II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды
Мемлекеттік награданы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан табыстады, деп хабарлайды «24KZ».
Кездесу барысында Аида Балаева шахматшының отандық спортты дамытуға, жастар арасында зияткерлік ойындарды кеңінен насихаттауға және Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға қосқан үлесін атап өтті.
Бибісара Асаубаева әлемдік жарыстарда ел намысын қорғап жүрген көрнекті шахматшылардың бірі. Ол блицтен үш мәрте әлем чемпионы атанып, осы санаттағы ең жас жеңімпаз ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Сондай-ақ жуырда Норвегияда өткен беделді Norway Chess супертурнирінде жеңіске жетті.
Айта кетейік, «Барыс» ордені мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамдық және мәдени салаға қосқан ерекше еңбегі, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға сіңірген үлесі үшін беріледі.
Гроссмейстер мемлекеттік награданы әлеуметтік желідегі парақшасында көрсетіп, қуанышымен бөлісті.
«Көптен күткен II дәрежелі «Барыс» орденін алдым. Менде III дәрежелі орден бұрыннан бар еді, енді I дәрежесі ғана қалды. Сонда «Барыс» орденінің толық иегері боламын», – деді Бибісара Асаубаева.
Сондай-ақ шахматшы орденнің дизайнына ерекше тоқталып, оның әсем безендірілгенін және өзіне ұнайтынын айтты.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз