Қазақ боксшылары Америкаға аттанды
Роналду үшін Әлем чемпионаты аяқталды. Мұхиттың арғы жағында футболдан жылдың басты жарысы Әлем чемпионаты жалғасып жатыр.
Бүгін көпшілік тағатсыздана күткен Португалия және Испания құрамалары кездесіп, ширек финалдың жолдамасын сарапқа салды. Тартысты өткен матч 1:0 есебімен аяқталды. Жалғыз голды 91-минутта Микель Мерино соқты. Осылайша, Испания келесі кезеңге өтті. Ал Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы үйлеріне қайтады.
Бокстан Азия чемпионаты
Асылхан мен Нұрасыл ширек финалда. Индонезия астанасы Джакарта қаласында бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты басталды. Ұлттық құрама үшін сәтті басталды десек болады. Қазақ қыз-жігіттері арасынан ең бірінші болып шаршы алаңға Асылхан Көшербай мен Нұрасыл Төлебек шықты. 65 келідегі Асылхан бутандық, ал, 60 келідегі Нұрасыл тәжікстандық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, сенімді түрде ширек финалға жолдама алды. Енді бүгін алты боксшымыз жұдырықтасады. Атап айтқанда, Әділ Асқанбай, Досжан Жұмақан, Едіге Нұрғожа, Ақжүрек Қалабай, Бибарыс Әшірбай және Хамза Мақсатұлы шаршы алаңға шығып, олар да ширек финал жолдмаларын сарапқа салады. Түсіндіре кетейін, бұл ворлд боксинг ұйымының 23 жасқа дейінгі және 19 жасқа дейінгі ұл-қыздар арасындағы Азия чемпионаты. Оған 40 боксшымыз аттанды. Яғни Қазақстан құрамасы барлық салмақ дәрежесінде бақ сынайды деген сөз. Жалпы алар болсақ, байрақты бәсекеге 26 елден 430 боксшы қатысып жатыр. Джакарта қаласындағы Азия чемпионаты 16 шілдеге дейін жалғасады.
Қазақ боксшылары Америкаға аттанды
Қазақ қыз-жігіттері АҚШ-та кәсіпқой боксшылармен спарринг өткізеді. Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мерей Ақшалов мәлімдеді. Айта кетейік, ұлттық құрамадағы нөмірі бірінші бокшылар бірер күн бұрын америкаға аттанған болатын. Оның ішінде Нұржан Насанов баптайтын жігіттер де, Елдос Сайдалин баптайтын қыздар да бар. Кейін белгілі болғаны ұлттық құрама өкілдері мұхиттың арғы жағында 36 күндік жаттығу жиынын өткізеді. Алғашқы күндері жалпы физикалық дайындықты пысықтаса, соңғы апталарда жергілікті кәсіпқой боксшылармен спарринг жасау жоспарланып отыр. Бұның барлығы алдағы байрақты бәсекелер үшін әсіресе бірер айдан кейін Жапонияда өтетін жылдың басты жарысы Азия ойындары үшін аса маңызды дейді Мерей Ақшалов.
Мерей Ақшалов, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті:
- Былтыр Әлем кубогі мен Әлем чемпионаты алында осылай боксшыларымызды АҚШ-қа жіберген едік. Кейін олар жақсы нәтиже көрсетті. Биыл да аталмыш тәжірибені жалғастырып жатырмыз. Ұлттық құрама өкілдері ол жақта жалпы физикалық дайындықты пысықтайды. Бұған қоса, кәсіпқой боксшылармен спарринг өткізеді. Алда Азия ойындары бар. Бұған қоса, 2028 жылғы олимпиада АҚШ-та өтеді. Сондықтан қазірден бойларын үйретіп, бейімделе бергендері аса маңызды.
Көшпенділер ойындарына дайындық
Көкпаршылар атпен дайындыққа кіріседі. Дәл қазір ұлттық спорт өкілдері көшпенділер ойындарына кешенді жаттығу жүргізіп жатыр. Олар маусым айында Алматы іргесіндегі олимпиадалық даярлау орталығында 20 күн бойы жалпы физикалық дайындықты пысықтаған еді. Енді арнайы әзірлік күтіп тұр. Яғни Алматы іргесіндегі Ұзынағаш елімекеніне жиналып, жылқылармен жаттығу жасайды. Осы мақсатта елдегі ең үздік көкпар аттары іріктеліп, Көкбастау атшабарына жеткізілді. Ал жаттығу жиынының өзі 10 шілдеде басталады. Жалпы Қазақстан көкпар федерациясы көшпенділер ойындарына дейін 4 жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отыр. Ұзынағаштағы жаттығу оның екінші кезеңі саналады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өзі биыл көрші қырғыз елінде болады. Жарыс 31 тамызда басталып, 6 қыркүйекке дейін жалғасады.