Тараздық спортшылар 981 медаль жеңіп алды 

Тараздық спортшылар жыл басынан бері республикалық және халықаралық жарыстарда 981 медаль жеңіп алды. 

Бұл өңірде спорттың бұқаралық сипат алып, кәсіби бағытта да дамып келе жатқанының айғағы. Бүгінде спортшыларға жан-жақты қолдау жасалып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. 

Таразды елдегі су добы спортының отаны деуге толық негіз бар. Себебі 1986 жылы Алматы мен қатар Жамбылда су добының алғашқы командасы құрылды. Сол кездегі «Химик» командасы КСРО чемпионы атанды. Ал 1990-жылдары Азия чемпионы болып, жаһандық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті. Бүгінде бұл дәстүрді кейінгі буын спортшылар жалғап келеді. Солардың бірі Нұрбек Болатбек. 18 жастағы спортшы Ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Қазірдің өзінде республиканың үш дүркін чемпионы атанған. Соңғы рет шілде айында су добынан Тайландта өткен Азия чемпионатының 2-орын жүлдегері болды. 

Нұрбек Болатбек, спорт шебері:

- Олимпиадада өнер көрсетіп, өз елінің даңқын шығарып, атын әлемге таныту, Азия ойындарында және әлемнің мықты елдерінің спортшыларымен бәсекелесіп, бірінші орындар алып, еліміздің атын шығару – кез келген спортшының арманы деп ойлаймын. Бұл – менің де мақсатым.

Тәуелсіздік алғалы жамбылдық спортшылар барлық жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, жалпы саны 29 лицензия иеленді. Нәтижесінде өңір спортшылары 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медальға қол жеткізді. Бүгінде чемпиондардың жолын жалғаған жас спортшылар өсіп келеді. Олар жыл басынан бері түрлі республикалық және халықаралық ресми жарыстарда 981 медаль жеңіп алды. «Мұның бәрі бапкер мен спортшылардың маңдай тері және оларға жасалған жағдайдың нәтижесі дейді», - Досан Тамбиев.

Досан Тамбием, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Ол кезде бізде жалғыз ғана спорт залы – «Динамо» залы болды. Ол жерде боксшылар да, грек-рим күресімен айналысатындар да, еркін күресшілер де барлығы бір залда жаттығатын. Қазір жағдай мүлде өзгерді. Барлық жағдай жасалған. ФОК десеңіз – ФОК. Мынау – дзюдо залы. Қандай керемет! Безендірілуіне қараңыздар. Бұл дегеніміз – балалар кірген кезде сүйсінетіндей жағдай. Тек қана күреспен айналысса болды.

Жалпы өңірде 56 спорт мекемесі бар. Оларда 1136 жаттықтырушы жұмыс істейді. 27 мың спортшы кәсіби түрде спортпен шұғылданады. Спортшыларға қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымды дамыту үшін аймақта жаңа спорт нысандары салынып жатыр. 

Азамат Ділдебай, Облыстық спорт басқармасының бас маманы:

- Қазіргі таңда облысымызда 12 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 9 спорт нысанын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ауқымды ірі жобаларды атап өтетін болсақ, олардың қатарында инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды. Оның жоба құны 6,4 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар футбол академиясының да құрылысы басталып отыр. Оған демеушілер тарапынан 3,4 млрд теңге қарастырылып отыр.

Жамбыл облысында халықтың 45,3 проценті спортпен жүйелі түрде айналысады. Жыл басынан бері өңірде 1900-ге жуық спорттық шара ұйымдастырылып, оған 200 мың адам қамтылды.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапеав, Тимур Сейілхан