Дзюдодан әлем чемпиондары елге оралды

Алматы халықаралық әуежайында мерекелік көңіл-күй. Эквадорда дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары елге оралды. 

Төрткүл дүние көз тіккен бәсеке отандық дзюдошылар үшін олжалы болды. 

Алматы халықаралық әуежайындағы бүгінгі қарбалас ерекше. Мұнда чемпиондарды күтіп алуға келгендердің қарасы қалың. Осы сәт үшін арнайы, еліміздің өзге өңірлерінен келген спортшылардың жақындары да бар.

Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының үздіктеріне зор құрмет көрсетілді. Құшақ-құшақ гүл, ыстық ықылас. Барлығы да чемпиондардың құрметіне. 60-қа жуық елдің спортшылары қатысқан тартысты бәсекеде Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетті.

Мейірлан Баймаханбетов, дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы:

- Біріншіден, спортшылардың жеңіске деген жігері, қойылған тапсырманы 100 пайыз орындап шығуы көңілімізден шықты. Әлем чемпионатына қатысқан әр спортшы алтынға лайық. Спортшылар сенімді ақтады десек болады. Әлем чемпионатына дейін бір жылға жуық оқу-жаттығу жиынын өткіздік және Еуропа, Азия кубоктарында ұлттық құрама спортшылары өздерінің тәжірибелерін шыңдап, әлем чемпионатына аттандық.

Жас балуандар жекелей сында үш алтын медаль жеңіп, жоғары нәтиже көрсетті.

60 келі салмақта Ғабит Расулхан топ жарса, 90 келіден жоғары салмақта Әділжан Жаудинов тұғыр төрінен көрінді. Әлем біріншілігінің үшінші алтынын Фатима Сұпығалиева жеңіп алды. Осылайша, ол қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Жекелей сында тағы үш күміс, төрт қола олжалады. Нәтижесінде жігіттер командалық есепте бірінші, қыздар екінші орынды иеленді.   

Фатима Сұпығалиева, дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы:

- Үлкен деңгейде керемет өтті. Әр елден келген мықты спортшылар. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, әсіресе алғаш чемпион деген кезде өз-өзіме сене алмадым. Бірақ финалдық белдесуге «Фатима, сен осыған біраз дайындалдың, еңбектендің. Саған елің сеніп отыр, сен үшін жақындарың дұға тілеп отыр. Сен міндетті түрде чемпион болу керексің», - деп өзімді дайындадым. 

Еске сала кетейік, байрақты бәсекенің жекелей сынында балуандарымыз барлығы 10 медаль жеңіп алды. Ал аралас командалық сайыста жерлестеріміз тағы бір алтынды қоржынға салды. Осылайша, жиыны 11 медальмен елге оралды. Командалық жарыста әуелі Болгария құрамасын жеңіп, ширек финалда Жапониядан басым түсті. Жартылай финалда көршілес Өзбекстан құрамасын тізе бүктірді. Жарыстың соңғы күнінде сенсация жасап, Бразилия құрамасынан жеңісті жұлып алды.

Иянат Жұбатқан, дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы:

- Мен бірінші ұтылып қалдым. Сосын есеп 3:3 болды. Содан жеребе лақтырды. Жеребеде ішімнен 48 шықса екен тілеп тұрдым. Командам, әкем, достарым қарап тұр. Бәрінің үмітін ақтау үшін тек ұту керек болды.

Тарих жасаған балуандар тарихта қалары сөзсіз. Жаттықтырушылар мен Федерация өкілдерінің айтуынша, бұл жетістік отандық дзюдоның жаңа сатыға көтерілгенін көрсетеді. Мамандардың сөзінше, ендігі белес күзде Сенегалда өтетін жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындары.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Радик Жакупов

Сондай-ақ оқыңыз: