Бибісара Асаубаева шахматтан әлем үздіктерін жеңді

Қазақстандық қақпашы Стас Покатилов чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. Әзербайжанның «Сабах» клубындағы жерлесіміз жарқын жеңіске жетіп, негізгі кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, әзербайжандық «Сабах» пен израильдік «Хапоэль» кездесіп, жолдаманы сарапқа салған. Алғашқысы 5:2 есебімен басым түсті.

Бибісара Асаубаева жеңіске жетті

Бибісара әлем үздіктерін жеңіп, тағы да өз мықтылығын дәлелдеді. Францияның Сен-Тропе қаласында шахматтан әйелдер арасындағы супер турнир өтті. Оған қазақстандық Бибісара Асаубаева да қатысты. Ол рапид бағытындағы бәсекенің іріктеу кезеңдерінде германиялық, грузиялық, нидерландылық және үндістандық спортшылардан басым түсті. Ал финалда украиналық Мария Музычукты ұтты. Осылайша, Бибісара Асаубаева өз кәсіпқой мансабында кезекті жарқын жеңісіне қол жеткізді. Енді ол бүгін блиц бағытында да бақ сынап, бір жарыстан қос алтынмен оралуға тырысады. Айта кетейік, Бибісара Асаубаева бірер күн бұрын америкадағы Cairns Cup супер турниріне қатысып, үшінші орын алған болатын. Соның арқасында 35 мың доллар сыйақыға ие болды.

Титулдық жекпе-жекке дайындық 

Карлос Адамеспен келесі жылы кездесеміз. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов осындай пікір білдірді. Орта салмақтағы жерлесіміз қазір АҚШ-тың Калифорния штатында кезекті жекпе-жегіне дайындалып жатыр. Ол тура бір айдан кейін америкалық Хесус Рамоспен жолығып, уақытша WBC белбеуін сарапқа салады. Егер жеңіске жетіп жатса, осы тұжырымдағы әлем чемпионы доминикандық Карлос Адамеске міндетті қарсылас атанады. Мейірімнің өзі де бұл жекпе-жекті үш жыл күткенін айтады және қалай да титулға қол созуға тырысатынын алға тартты бізге берген эксклюзивті сұхбатында.

Көшпенділер ойындарына дайындық қызу  

Көкпардан да, көкбөріден де жеңіс күтеміз. Ұлттық және ат спорты орталығының басшысы Қайрат Пазылбек алдағы көшпенділер ойындарына қатысты осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, қос бағытқа да еліміздегі ең үздік жігіттер іріктеліп алынды. Сондықтан оларды бөліп жарудың қажеті жоқ. Яғни көкпарда, көкбөріде де әлеуетіміз зор. Сәйкесінше, қазақтың да, қырғыздың да ұлттық ойынында басым түсуге болады. Айта кетейік, ел намысын қорғайтын жігіттер бірер күн бұрын шекара асып, Қырғызстанның Ыстықкөл аймағына барды. Артынша сол жерге жылқылар да жеткізілді. Енді бірер күн жарыс алындағы дайындықты пысықтайды. Айта кетейік, дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл көрші қырғыз елінде болады. Жарыс 31 тамызда басталып, 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал көкпар бойынша бәсекелер 2-5 қыркүйек аралығында өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз: