Жеңіл атлеттің жанайқайынан кейін мәселесі шешілді
Жеңіл атлеттің жанайқайынан кейін
жаттығуға қатысты мәселе шешілді. Күні кеше кедергілер арқылы жүгіруден бес дүркін Азия чемпионы Аделина Земс дайындыққа қажетті жағдайдың жоқ екенін жеткізді. «Қарсыластарым қазір арнайы стадионда дайындалып жатыр. Ал мен манежде жүгіруге мәжбүрмін. Әр жолақ үшін төбелесуге тура келеді. Балалар кедергі жасайды. Бұған қоса қасымда бапкерім де жоқ» деп жазды Аделина Земс әлеуметтік желідегі парақшасына. Артынша жеңіл атлетика федерациясы проблеманың бар екенін растап, жағдайды жедел бақылауға алғанын мәлімдеді. «Аделина Земс 27 тамыздан бастап Астанадағы қазақ ұлттық университетінің базасында жаттығуды жалғастырады. Мұнда ол 6 қыркүйекке дейін дайындалып, кейін Жапонияға Азия ойындары алдындағы қорытынды жаттығу жиынына аттанады» делінген ресми хабарламада. Айта кетейік, жылдың басты бәсекесі қыркүйектің соңы мен қазанның басында өтеді.
Шымкентте Орталық Азиядағы ең үлкен стадионның құрылысы биыл басталады
Орталық Азиядағы ең үлкен стадионның құрылысы биыл басталады. Заманауи инфрақұрылым Шымкент төрінде бой көтереді. Оның сыйымдылығы 60 мың адамды құрайды. Бұл жөнінде «Ордабасы» клубының президенті Дархан Қызайбаев мәлімдеді. Әуелгіде 35 мың орындық стадион салу жоспарланған еді. Жуырда сметалық-жобалық құжаттар қайта қаралып, оның көлемін 60 мың адамға дейін ұлғайту жөнінде шешім қабылданды. Айта кетейік, жергілікті «Орбасы» қазір Шымкент қаласындағы 1969 жылы салынғанстадионда ойнап жатыр. Оның сыймдылығы 17 мың адамды құрайды және үнемі билеттер түгел сатылып, солд-аут тіркеліп жүр.
Дархан Қызайбаев, «Ордабасы» клубының президенті
Жәнібек пен Хамза жекпе-жегі бола ма?
Хамза Шираз WBO белбеуінен бас тартуы мүмкін. Ол Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг шектеулердің уақытынан бұрын алынғанына разы емес. «Мен үнемі принциптер туралы айтамын. Бұл жерде таза спортшы болу мәселесі және таза спортшыларды қолдау мәселесі тұр», – деді Хамза Шираз. Британдық боксшы нақты шешімді командасымен ақылдасқаннан кейін қабылдайтынын жеткізді. Айта кетейік, WBO ұйымы Жәнібек Әлімханұлын Хамза Шираздың чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер ретінде бекіткен. Яғни британдық боксшы титулын қазақстандыққа қарсы қорғауы тиіс. Егер орта салмақтың чемпионы WBO белбеуінен бас тартса, Бүкіләлемдік бокс ұйымы вакантты титул үшін жерлесімізге басқа қарсылас тағайындайды. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, оның 12-сін нокаутпен аяқтаған. Ал Шираздың еншісінде 24 жеңіс, оның 19-ында нокаут тіркелді. Бұған қоса бір тең нәтиже бар.
Кәсіпқой бокстағы алғашқы қадам
Санжар Тәшкенбайдың титулдық жекпе-жегіне бір күн қалды. Ертең Астана төрінде кәсіпқой бокс кеші өтеді. Ол жерде алғаш рет Санжар Тәшкенбай бақ сынайды және ә дегеннен WBA ASIA вакантты чемпиондық белдігіне таласады. Яғни әуесқой бокста барлық биікті бағындырып, екі дүркін әлем чемпионы атанған жерлесіміз енді кәсіпқой бокстың шыңына шықпақ. Жекпе-жек алында Санжар жанкүйерлермен кездесіп, ашық жаттығу өткізді. Айта кетейік, оның қарсыласы аса тәжірибелі. Филиппиндік Нил Джакомос. Кейінгісі кәсіпқой рингте 8 кездесу өткізіп, 7-еуінде жеңіске жеткен. Қос мықты аса жеңіл салмақта, яғни 51 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасады және кездесудің өзі 10 раундқа раундқа созылады.