19 қыркүйекте Азиада ойындары басталады

Бүгін Астанада теннистен Қазақстан мен Таиланд құрамалары арасында Дэвис кубогі басталады.

Матч алдында ресми жеребе тасталып, жекелей және жұптық кездесулердің өту реті анықталды. Алғашқы ойын Александр Шевченко мен Парапол Джонс арасында өтсе, артынша кортқа Тимофей Скатов пен Касидей Самрат шығады. Ал жұптық матчтар ертеңге жоспарланған.

Ертең Жапонияда XX жазғы Азия ойындарының жалауы желбірейді. Дүбірлі додада 43 спорт түрінен 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оған сары құрлықтың 45 елінен 15 мыңға жуық атлет қатысады. Қазақстан құрамасы спорттың 35 түрінен сынға түсіп, 559 отандасымыз ел намысын қорғайды. Жарыстың ресми ашылу салтанаты Нагоя қаласында өтеді. 

Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі:

- Барлық спортшы аттанды. Кейбірі сол жаққа алдын ала барып, оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Яғни климатқа, уақыт белдеуіне қалыптасу бойынша...Енді кез келген жағдай медаль бойынша алдыңғы орынға көтерілуге тырысамыз. Өздеріңіз білесіздер жарыста барлық орын алтын медальдармен есептеледі.  

Шахматшыларымыз екінші ойында жеңіске жетті

Қазақстан құрамасы шахмат олимпиадасындағы кезекті жеңісіне қол жеткізді. Әуелі қыздарымыз 49-шы орында тұрған Босния және Герцеговина өкілдерімен кездесіп, 3:1 есебімен ұтты. Ойында Бибісара Асаубаева мен Зарина Нұрғалиева қарсыластарымен тең түсіп, ұпай бөліссе, Меруерт Қамалиденова мен Елназ Қалиахмет өз үстелінде басым түсті.  Артынша ерлер құрамасы 84-орындағы Нигерия шахматшыларынан айласын асырды. Кездесуде Даниал Сапенов қана тең түссе, Денис Махнев пен Алдияр Аңсат, Жандос Ағманов жеңіске жетті.

«Ордабасы» көш бастап тұр

Футболдан Қазақстан премьер-лигасы аясындағы 27-тур ойындары басталды. Кеше Астана өз алаңында “Қайратты” қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Матчтың 14-минутында Рамазан Кәрімов көзге түсіп, жалғыз голдың авторы атанды. Ал шымкенттік “Ордабасы сырт алаңда “Атырауға қонақ барып, 3:0 есебімен тізе бүктірді. Артынша семейлік “Елімай” қостанайлық “Тобылды” қапы қалдырды. Қорытынды есен 2:0. Енді бүгін Оқжетпес пен Жеңіс, Жетісу мен Каспий, Алтай мен Ертіс және Қызылжар-Қайсар, Ақтөбе-Ұлытау командалары кездеседі. Дәл қазір турнирлік кестеде 61 ұпаймен “Ордабасы” көш бастап тұр. “Қайрат” 57 ұпаймен 2-орынға жайғасса, “Астана” 48 ұпаймен үздік үштіктен көрінді.

1. Ордабасы    -  61

2. Қайрат         -  57

3. Астана         -  48

4. Оқжетпес    -  42

5. Ақтөбе         -  41

6. Елімай         -  38        

7. Тобыл          -  34 

Сондай-ақ оқыңыз: