Азия ойындары: Әсем Орынбай қола жүлдегер атанды
Қазақстанның стенд атудан ұлттық құрамасының өкілі Әсем Орынбай Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды «24KZ».
Әйелдер арасындағы скит бойынша жеке сайыстың финалында біздің спортшы 28 нысананы дәл көздеп, үшінші орынға ие болды.
Жеңімпаз Қытай өкілі Цзян Итин 35 нысанамен алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлдені 31 нысананы дәл көздеген Таиланд спортшысы Исарапа Импрасертсук иеленді.
Қазақстанның тағы бір өкілі Зоя Пискун финалды 18 нысана нәтижесімен алтыншы орында аяқтады.
Әсем Орынбай үшін бұл – қазіргі Азия ойындарындағы екінші медаль. Бұған дейін ол Зоя Пискун және Әдел Садақбаевамен бірге командалық есепте күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.
Айта кетейік, Орынбай Азия ойындарында жеке скит бойынша қатарынан екінші рет қола жүлдегер атанып отыр. 2022 жылы Ханчжоуда өткен ойындарда да ол үшінші орын алған. Сонымен қатар, сол кезде Қазақстан спортшысы әйелдер арасындағы командалық турнирде және аралас командалық жарыста алтын медаль жеңіп алған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз