«Нәтиже жойылды»: Ясмина Тоқсанбаева Азиададағы алтынынан айырылғанын айтты

Сурет: Арлан Олжабай

Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында 42,195 шақырымға спорттық жүру марафонында жеңіске жеткен қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесі қарсыластарының наразылығынан кейін жойылды, деп хабарлайды «24KZ».

Спортшы бұл туралы өз парақшасында мәлімдеді. Токсанбаева мәре сызығын 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижесімен бірінші болып кесіп өтіп, ел құрамасына тоғызыншы алтын медальді әкелуі тиіс еді, алайда жарыстан кейін қарсыластары оның нәтижесіне ресми түрде қарсылық білдірді.

Белгілі болғандай, бәсекелестері қазақстандық спортшы киген ASICS кроссовкалары моделінің World Athletics (Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы) ресми рұқсат етілген аяқ киімдер тізіміне сәйкес келмейтіндігін алға тартқан. 

Осыдан кейін жарыс хаттамасында спортшының нәтижесіне қатысты тиісті белгі қойылды.

Жеңісінен айырылған Ясмина Тоқсанбаева бұл жағдайдың өзі үшін ауыр соққы болғанын жасырмай, елге алтын медаль әкелгісі келгенін жеткізді. Сондай-ақ қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғыс айтып, алдағы уақытта бұл биікті қайта бағындыратынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз: