«Біз үшін Ясмина – чемпион»: Федерация сыйақыны өз қаражатынан толық төлейді

olympic.kz

Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы Азия ойындарының марафондық жүру сайысында алтын медалінен айырылғанына қарамастан, Ясмина Тоқсанбаеваға чемпиондыққа тиесілі барлық қаржылай сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленетін болды, деп хабарлайды «24KZ». 

Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы осылайша спортшыны толық қолдайтынын және халықаралық жарыстың ресми нәтижелеріне қарамастан оны өз чемпионы ретінде санайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, жарыстан кейін спортшының пайдаланған аяқ киіміне қатысты қарсы тараптан наразылық білдіріліп, протест түскен болатын. World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді көрсетілгенімен, Ясминаның жарыста киген аяқ киімінің нақты моделі аталған тізімде болмай шыққан. Алайда, ең бастысы – жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тиісті орындар тарапынан тексеріліп, оған стартқа қатысуға ресми түрде рұқсат берілген еді.

Туындаған түсініспеушілікке байланысты Федерация қабылданған шешімге қарсы наразылық білдіріп, тиісті шағым жіберді және спортшының құқықтары мен мүддесін қорғауды әрі қарай жалғастырады. Ұйым өкілдері өз тарапынан Ясминаға толыққанды оқу-жаттығу процесін, медициналық-биологиялық сүйемелдеуді және дайындыққа қажетті барлық жағдайды қамтамасыз еткенін, бұл қажырлы еңбектің нәтижесі жарыс жолында толық ақталып, спортшының мәреге бірінші жеткенін атап өтті.

Осы тұста ел спортшыларының халықаралық аренадағы мүддесін қорғау жұмысын одан әрі күшейту қажет екені айтылды. Кешенді халықаралық жарыстарда бұл бағыттағы жұмыс Ұлттық Олимпиада комитетінің үйлестіруімен жүзеге асады. Еске салайық, осыған дейін біз ҰОК Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесіне қатысты апелляция беруі мүмкін екенін хабарлағанбыз. 


Сондай-ақ оқыңыз: