Қазақстан семсерлесушілері әлемдік спортта тарихи «Үлкен дулығаға» қол жеткізді

@Turizm_jane_sport_ministrligi

Қазақстанның ерлер құрамасы семсерлесу спортынан кейінгі төрт айда Азия чемпионатында, әлем біріншілігінде және Азия ойындарында топ жарып, әлемдік спорт тарихында бұрын-соңды болмаған бірегей нәтиже көрсетті. Бұл – бір маусымда халықаралық күнтізбедегі барлық басты жарыста жеңіске жеткен еліміздегі тұңғыш команда.

Спорт әлемінде теннис пен футболдағы осындай ауқымды жетістіктер «Үлкен дулыға» немесе «требл» терминдерімен аталады.

Отандық семсерлесушілер де маусым бойы осы өте жоғары нәтижеге қол жеткізді. Дели қаласында өткен Азия чемпионатында қазақстандықтар қарсылас шыдатпай, маусымдағы алғашқы ірі жеңіске қол жеткізді. Артынша шілде айында Гонконгта ұйымдастырылған әлем чемпионатында тарихи нәтиже тіркеліп, құрама командалық сайыста тұңғыш рет әлем чемпионы атанды.

Ал Нагоядағы Азия ойындарында Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертайдан тұрған ерлер құрамасы финалда Оңтүстік Кореямен кездесті. Тартысты бәсекеде тоғыз ұпайға қалып қойғанына қарамастан, спортшыларымыз керемет камбэк жасап, есепті 43:42 етіп түйді және араға 24 жыл салып (2002 жылғы Пусан ойындарынан кейін) бұл турнирдің бас жүлдесін қайтадан еншіледі.

Аталмыш жетістіктің маңызы Франция, Италия, Жапония және Оңтүстік Корея сынды ғасырлық дәстүрі бар семсерлесудің көшбасшы елдері бәсекелесетін әлемдік элита деңгейінде аса жоғары бағаланады. Қазақстан тарихи тұрғыдан бұл дәстүрлі орталықтардың қатарына кірмесе де, бүгінде жаңа белеске көтеріліп отыр.

Бұл нәтиже – мемлекеттің зор қолдауымен Федерацияның, жаттықтырушылар штабы мен спортшылардың жүйелі жұмысының жемісі, – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Өз кезегінде Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирболат Әбуов бұл нәтиже - Отандық спорттың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа жабулы белестерді бағындыруға жол ашқан маңызды қадам екенін атап өтті. 

Меніңше, бүгінде бұл команда аңызға айналған құрама деген атқа әбден лайық. Нәтиже өскен сайын бізге артылатын үміт пен жауапкершіліктің де арта түсетінін түсінеміз. Біз бұл жетістікті соңғы меже емес, енді сақтап қалуымыз қажет жаңа деңгей деп қабылдаймыз. Алда Олимпиадаға іріктеу кезеңі тұр. Келесі міндетіміз – жоғары деңгейімізді ұзақ мерзімде дәлелдеу, – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз: