Қазақстан құрамасы Фарер аралдарын қабылдайды

Әзірбайжан астанасы Бакуде дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін татамиге шыққан жерлестеріміз жүлдеге жете алған жоқ. 66 келі салмақта Ақылжан Жұбатқанов екінші айналымда сүрінсе, Нұрқанат Серікбаев әлем чемпионы, жапон жігіті Такеши Такеокаға жол берді, деп хабарлайды 24KZ.

Ұлттар лигасында ұта аламыз ба?

Футболдан ұлттар лигасының 4-ші тур аясында Қазақстан құрамасы ертең Фарер аралдарын қабылдайды. Джон Ван ’т Схип журналистермен жүздесіп, алдағы ойын жәйлі өз ойын білдіріпті. «Ертең алғашқы минуттардан белсенділік танытып, қорғанысты да ұмытпауға тиіспіз. Өйткені қонақтар қарымта шабуылда өте жылдам», – деп голландиялық маман 55 мың ғана халқы бар Фарер аралдарынан қауіптеніп отыр. Фарерді ұта алмасақ, төменгі лигаға түсіп, Гибралтар, Мальта секілді командалармен ойнау керек шығар. Рас, қазір турнир кестесіндегі жағдайымыз мәз емес. Көш соңында келеміз. Ертең ұлттық құрама үш ұпай ала алмаса, С лигасына түсіп қалуымыз да ғажап емес.

Ұлттар лигасы: Франция Бельгиямен ойнайды

Ал бүгін А тобының мықтылары Франция мен Бельгия Стад де Франс стадионында кездеседі. Алдымен статистикаға көз жүгіртсек, бұл екі құраманың жолы осы уақытқа дейін 79 рет түйісіпті. Ресми және жолдастық кездесулердегі нәтижелер бойынша қарсыластар тең тұр. Тек әлемдік рейтингте ғана француздар сәл жоғарылау демесеңіз, қазіргі турнир кестесінде де үзеңгі қағыстырып келеді. Бүгін қай команданың жеңіске жетерін болжап болмайсың. Өйткені шама деңгейі қарайлас. Алаң иелеріне Киллиан Мбаппе жарақатына байланысты қол ұшын бере алмайды. Ал Бельгияның төрт көзгі түгел. Зинедин Зидан шәкірттері тек Италиямен болған ойында тең түсті демесеңіз, қалған екі ойында жеңіске бастар жолдан адасқан жоқ. Ал Бельгия өз алаңында осы француздарға есе жіберіп қойды. Ал Италия мен Түркиядан үш ұпай алды. Енді бүгін Марк Ван Боммель шәкірттері қалайда есе қайтаруға тырысады. Ал француздар өз алаңында ұпай жоғалта қоймас.

Желмен жарысқан жүйріктер

Ат бәйгесі десе, делебесі қозатын жанкүйерлер жексенбі күні Франция астанасы Париж қаласында өткен дүбірлі жарысты асыға күтті. Жыл сайын үш жолақты елде салтанатты арка жүлдесі сарапқа салынады. Ұтыс қоры да қомақты. 5 млн еуроны құрайды. О баста бұл бәйгеге 73 сәйгүлік тіркелген екен. Бірақ шашасына шаң жұқпаған 16 жүйрік негізгі кезеңге қатысуға мүмкіндік алыпты. Осылайша, 2400 метрге созылған таза қанды жылқылар жарысында «Ага Хан» ат зауытында жем жеген «Дарыз» есімді тұлпар топ жарды. «Дарыз» бәйге басталмай тұрып-ақ басты фавориттердің бірі болған деседі. Оған да себеп бар. Өткен жылы дәл осы бәйгеде алдына қара салмаған жануар биыл да бабында екен. Мәреге таяған тұста суырылып алға шықты. Осылайша, «Дарыз» қатарынан екінші жыл салтанатты арка жүлдесін қанжығасына байлады. Шабандозы Микаэль Барзалона десек, бапкері Франсис-Анри Граффар 2 млн 857 мың еуроға иелік етті. Британиялық Скотт Джордж баптайтын «Бай Сити Роллер» мәре сызығын екінші болып кессе, ирландиялық Адриан О Брайнға тиесілі 3 жасар «Даймонд» үздік үштіктен көрінді.

Сондай-ақ оқыңыз: