Харри Кейн 2026 жылдың үздік футболшысы атанды
Харри Кейн - «Алтын доп» иегері.
«Бавария» мен Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейн 2026 жылдың ең үздік футболшысы атанды. Салтанатты шара биыл Кейннің отаны Англияда өтті. Ал ең үздік футболшының трофейін даңқты бразилиялық шабуылшы Роналдо табыстады.
Қоржынымызда қос қола медаль
Қоржынымызда қос қола. Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың алғашқы күндері грек-рим күресі бойынша барлық медаль сарапқа салынды. Өкінішке орай, қазақ палуандары алтын жүлде ала алмады. Тек 55 келідегі Исхар Курбаев пен 60 келідегі Айдос Сұлтанғали қола медалға қол созды. Бұған қоса 67 келідегі Бағдат Сабаз бүгін жұбаныш белдесуінде бақ сынайды. Сәйкесінше, оның да өз салмағында үздік үштікті түйіндеуге мүмкіндігі бар. Айта кетейік, грек-рим күресі бойынша ұлттық құрама барлық салмақта, яғни 10 салмақта өнер көрсетті. Енді алда әйелдер күресі және еркін күрес бойынша бәсекелер болады. Дүниежүзілік дода 1 қарашаға дейін жалғасады. Тағы бір айта кетерлігі, байрақты бәсекеге 135 елден 900-ге жуық балуан қатысып жатыр. Бұл өзіндік рекорд саналады.
Төрт боксшымыз финалға шықты
Төрт боксшымыз финалға шықты. Черногорияның Будва қаласында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Байрақты бәсекеге 20 боксшымыз аттанған. Олардың 8-і жартылай финалға шықты. Оның ішінде 4-еуі финалға жолдама алды. Атап айтқанда, ұлдар арасында 70 келідегі Бибарыс Әшірбай мен аса ауыр салмақтағы Владислав Саможонов, қыздар арасында 57 келідегі Алина Құдайгенова мен аса ауыр салмақтағы Зарина Толыбай алтын жүлдеге таласады. Финалға жолдама алғандар саны жағынан жалпы есепте үшінші орындамыз. Топ басында Ресей және Өзбекстан құрамалары тұр. Шешуші айқастар бүгін өтеді. Сәйкесінше, қазақ қыз-жігіттерінің қарсыластары да белгілі. Атап айтқанда, Бибарыс ирландиялық, Владислав өзбекстандық боксшылармен қолғап түйістіреді. Бұрымды боксшыларымыздан Алина да, Зарина да ресейлік спортшылармен өзара мықтыны анықтайды.
Жалпы есепте бірінші орындамыз
Жалпы есепте бірінші орындамыз. Шымкентте нысана көздеуден Владимир Почиваловты еске алуға гран-при жалғасып жатыр. Оған 13 елдің үздіктері жиналды. Бүгінге дейін қазақстандық спортшылар 4 алтын, 4 күміс және 3 қола жеңіп алып, жалпы командалық есепте топ басына шықты. Атап айтқанда, алғашқы күндері 10 метрге тапаншамен атуда Кирилл Цуконов алтын медаль жеңіп алды. Артынша, жеңіс жолын дәл осы дисциплинада әйелдер арасында Ирина Юнисметова жалғады. 25 метрге тапаншамен атуда Никита Чирюкин және 10 метрге тапаншамен атуда Александа Ле де ең үздік нәтиже тіркеді. Тағы бір сұрмергеніміз Алиса Краденова да қоржынға алтын салды. Шымкенттегі жарыс 28 қазанға дейін жалғасады. Бұл бәсеке жыл сайын тұрақты ұйымдастырылады және халықаралық федерацияның күнтізбесіне қосылған. Тағы бір айта кетерлігі, жеңіске жеткен қыз-жігіттерге рейтингілік ұпайлар беріледі. Бұл көрсеткіш 2028 жылғы Лос-Анделесте өтетін олимпиада ойындарының жолдамасын алуға көмектеседі.