Теннис: Қазақстан құрамасымен кездесетін аргентиналық ойыншылар белгілі болды

Теннис: Қазақстан құрамасымен кездесетін аргентиналық ойыншылар белгілі болды
ktf.kz

Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде Қазақстанмен кездесетін Аргентина құрамасы белгілі болды.

Аргентина әйелдер құрамасының капитаны Мерседес Пак мына ойыншыларға сенім артып отыр. Дүниежүзілік рейтингте 46-орында тұрған Надя Подороска Аргентинаның басты үміті болмақ. Осы елдің екінші ракеткасы Паула Ормаэчеа әзірге белгісіз себептермен команда құрамына енген жоқ, деп жазады ktf.kz.

Тізімге сондай-ақ Виктория Бозио (442-ракетка), Гильермина Ная (558-ракетка) және Мария Лурдес Карл (446-ракетка) кірді. М.Пак Қазақстан теннисшілерінің мықты, үшеуінің алғашқы жүздікке енетіндігін, сондықтан олардың фаворит екендігін, дегенмен ел намысы үшін барын салатындықтарын жеткізді.

Аргентина – Қазақстан матчы Буэнос-Айрестен 700 шақырым қашықтықта орналасқан Кордова қаласында 16-17 сәуір күндері өтеді.

Бастапқыда кездесу 2020 жылы жоспарланған болатын, алайда коронавирус індетіне байланысты биылғы ақпанға, сосын сәуірге кейінге шегерілді. Плей-офф бәсекесінде жекелей сында төрт жекпе-жек болады. Егер есеп 2:2 болған жағдайда, жеңімпаз мәселесі жұптық кездесуде шешіледі.