Жас қазақстандық теннисші Еуропа турнирінің жеңімпазы атанды

Жас қазақстандық теннисші Еуропа турнирінің жеңімпазы атанды

Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы жекелей сында Норвегия астанасы Ослода 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe турнирінің жеңімпазы атанды.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Заңғар жұптық сында да табысты өнер көрсетіп, финалға дейін жетті. З.Нұрланұлы жекелей сында 2 сағат 40 минутта созылған соңғы бәсекеде франциялық Лене Кутюрьені 4:6, 6:0, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Заңғар оны бір апта бұрын осы Норвегия елінің Берген қаласында ұтқан болатын. Қазақстандық теннисші жартылай финалда жарыстың 1-ракеткасы, Францияның 14 жасқа дейінгілер арасындағы үздік ойыншысы Лене Петитаны 7:5, 7:6 есебімен жеңді. Бұл ойын да тартысты өтіп, 2 сағат 18 минутқа созылды.

Осылайша Заңғар Нұрланұлы биыл Tennis Europe сериясындағы үш жарыстың чемпионы атанып, тағы екеуінде финалға дейін жетті.

Жыл соңына дейін қазақстандық жас спортшы Ыстанбұлда өтетін додаға қатысып, бір апта демалыстан кейін жаңа маусымға дайындығын бастайды.