Қазақстандық спортшы Еуропа теннисі рейтингінде көш бастады

Қазақстандық спортшы Еуропа теннисі рейтингінде көш бастады
olympic.kz

Tennis Europe (TE) ұйымы алдағы жылы күзде Монте-Карлода өтетін Junior Masters турниріне орай жаңартылған рейтингіні жария етті, деп хабарлайды Olympic.kz.

Заңғар Нұрланұлы 14 жасқа дейінгілер арасында 255 ұпаймен көш бастады. З.Нұрланұлы 2021 жылы TE сериясы бойынша өткен алты жарысқа қатысып, жекелей сында соның екеуінде жеңімпаз атанды. Осы жастағылар арасында сондай-ақ қазақстандықтар Демид Горбачев (36-орын) пен Даниэль Тазабеков (45-орын) үздік елулікке кірді.

Junior Masters - ірі спорттық іс-шара, оған Еуропадағы 14 және 16 жасқа дейінгілер арасындағы ең мықты теннисшілер (8 бозбала, 8 қыз) қатысады. Кезінде осы додада Рафаэль Надаль, Ким Клейстерс, Александр Зверев, Белинда Бенчич секілді теннисшілер чемпион атанған. Жарыс Монте-Карлодағы атақты топырақ төсенішіндегі корттарда өтеді.