Шорт-трек шебері Н.Жұмағазиев бапкерлікке бет бұрды

Алматыда V қысқы спартактиада өтіп жатыр. Бүгін шорт-трек шеберлері жарыс шымылдығын түрді. 1500 метрге жүгірген үміткерлер арасында тәжірибелі спортшылар да бар. Жарысты Қазақстан құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков те арнайы келіп тамашалады. 

Біздің елде шорт-тректің даму қарқыны жоғары. Бұрындары бұл спорт түрі Оралда ғана болса, қазір еліміздің 10 қаласында шорт-трекпен шұғылданамын дегендерге барлық жағдай жасалған. Ұлттық біріншілікте бәсекелестік артып келеді. Спартакиададан байқағанымыз жастар тәжірибелі спортшылармен тайталасып жүр. Бір кездері әлем кубогінде алдына жан салмаған Нұрберген Жұмағазиевте бүгін жастармен бірге жарысып көрді.

Нұрберген Жұмағазиев, шорт-тректен спорт шебері:

- Жастар өте жақсы. Бізде деген Оралда осы қыздар балалар өте жақсы дамып келе жатыр. Болашақта 1-2 жылдың ішінде осы ұлттық құрамаға кіріп, осы әлем кубогіне шығып, үлкен халықаралық деңгейге жетеді деп ойлаймын. 

Бұл Нұрберген Жұмағазиевтің үлкен спорттағы соңғы жарыстарының бірі екен. Енді ол бапкерлікке бет бұрып, шәкірт тәрбиелесем дейді. Нұрберген секілді дарынды жігіттердің томағасын сыпырып, әлемдік аренаға шығарған білікті бапкер Мәдіғали Қарсыбеков жастардың аяқ алысын байқап көру мақсатында Алматыға арнайы келіпті.

Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Жастар көтеріліп келе жатыр. Оның алдында астанада өткен жарысты көрдім. Мықты-мықты конькишілер одан кейін осы Орал, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Алматыда шығып келе жатыр. Енді болашақта сондай талапты балалар, қыздар келсе, Қазақстан құрамасына біз одан да биік көтерілеміз.

Ұлттық құрама бапкері Бейжің олимпиадасында Абзал Әжіғалиев пен Әділ Ғалиахметов және Денис Никишалардан үміт күтетінін жасырмады. Жігіттер жақында Түркиядан оралып қазір елордада дайындықтарын пысықтап жүр. Қоржынымызда олмипиаданың 9 жолдамасы бар. Қыздар арасында кімдер баратыны қаңтар айындағы іріктеуден соң белгілі болады дейді. Ал спартакиадаға келер болсақ, бүгін 1500 метрде ерлер арасында елордалық Санжар Жанысов топ жарса, қостанайлық Қуандық Сүлейменов пен Вадим Садовниковтар 2 және 3-орындарды өзара бөлісті. Қыздар арасында Нұр-Сұлтан қаласынан келген Мәдина Жанбосынова жеңімпаз атанды.

Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев