Қысқы Олимпиаданың медалін таныстыру рәсімі өтті

Қысқы Олимпиаданың медалін таныстыру рәсімі өтті

Жұмыр жер асыға күткен Бейжің Олимпиадасының басталуына да аз уақыт қалды. Ақ Олимпиаданың астанасына ақпарат таратуға барған біздің арна тілшілері бүгін Олимпиада медалінің таныстыру рәсіміне қатысты.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Бүгін Бейжіңдегі медиаорталықта Олимпиада ойындары медалінің таныстыру рәсімі өтті. Рәсім болғанда кең көлемде емес, карантиндік шектеулерге байланысты әр елден келген БАҚ өкілдеріне жеке-жеке 15 минут ғана уақыт берілді. Яғни сол аралықта бізге медальдарды таспаға түсіріп алу мүмкіндігі туды. Өкінішке орай, қолмен ұстауға, мойынға тағып көруге рұқсат болған жоқ. Тәртіп бойынша сол жерде отырған волонтёр қыздар  операторларға түсірілім жасауға көмектесті. Медальдің өзі жәйлі айтар болсақ, "тун чинь" деп аталады екен. Яғни "бәріміз бірге"деген мағынаны білдіреді. Мұның Бейжіңдегі Жазғы ойындардың медалінен көп айырмасы жоқ дейді мамандар. Қытайдың ежелгі джейд кулондарына негізделген медальдің беткі жағында Олимпиада сақинасы бейнеленген. Жан-жағы бес шеңбермен айналдыра қоршалған. Бұл бес құрлықтың басын біріктіретін Олимпиада деген ұғым. Артқы жағында Олимпиада эмблемасы мен спорт түрлерінің аттары жазылған.

Естеріңізге сала кетейік, Бейжіңде спорттың 15 түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 

Қарапайым ғана классикалық үлгіде жасалған Бейжің медалін ұстап көре алмадық. Біздің уысқа түспеген Бейжің медалі қазақ спортшыларына бұйырсын дейміз. 

Жандос Айтбайұлы, Дәурен Жұрхабаев