Бейжің-2022. Жасанды қармен өтіп жатқан тарихтағы алғашқы Олимпиада

Бейжің-2022. Жасанды қармен өтіп жатқан тарихтағы алғашқы Олимпиада

Бейжің қаласы жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын өткізген бірінші қала болғалы тұр. Бұдан бөлек, бұл Олимпиада тарихта алғаш рет табиғи қарсыз өтетін жарыс ретінде қалмақ. 

Қытай астанасында қар жаумай, соңғы бірнеше ай бойы барлық нысанда жасанды қар жасайтын зеңбіректер тынымсыз жұмыс істеді. Сайыстар үшін жасанды қардың сапасы жоғары болу керектігі айтпаса да түсінікті. Чжанцзякоуда ауа райының ерекшелігінен мамандар бірқатар қиындыққа тап болды.

Жак Фурнье, олимпиадалық жарыстарға дайындық бойынша менеджер:

– Мамандар жасанды қар шығаратын құрылғыларды желдің соғатын бағытына қарай қоюы керек. Әйтпесе олар сынып қалады. Ол үшін үнемі ауа райы болжамын біліп отыру қажет. Бұл өңірдің ерекшелігі осында. Ал қалған аудандарда жел бір бағытта ғана соғады. Сондықтан оның бағытын бір рет анықтап алса жеткілікті. Ал мына жазықта желдің бағыты жиі өзгеріп, көп қиындық туғызды.

Зои Садовски-Синнотт, жаңазеландиялық спортшы:

– Қар жасанды болса да, керемет. Күн қатты суық болғандықтан шапшаң қимылдап, тез бейімделу керек деп ойлаймын.  

Бірақ Олимпиданы ұйымдастырушы комитет үшін ең қиыны – коронавирустың таралуының алдын алу. Спортшылар, қызметкерлер және журналистер жұртшылықтан оқшауланып, «көпіршік» деп аталған арнайы орындарға орналастырылған. Олар күн сайын ПТР-тест тапсырып тексерістен өтеді. 

Брайан Макклоски, ХОК медициналық сарапшылары тобының басшысы:

– Коронавирусқа қарсы шаралар індеттің таралуының алдын алуға көмектеседі деп сенеміз. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі соңғы 2 жылда коронавирус тосын сый әкеле алатынын көрсетті. Сондықтан спорттық шараға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қатаң тәртіп бекітілген. 

Олимпиада ойындары Бейжің, Яньцин және Чжанцзякоуда өтеді. Осы үш кластерді бір-бірімен тиімді байланыстыру үшін арнайы теміржол іске қосылған. Онымен жүрдек пойыздар сағатына 350 шақырымға жүйтки алады. Бірақ оны салуға кеткен ауқымды қаржы Олимпиада бюджетіне енгізілмеген. 

Томас Бах, Халықарлық олимпиада комитетінің президенті:

– Бейжің жазғы және қысқы олимпиада ойындарын өткізген бірінші қала болғалы тұр. Қытай қысқы спорт түрлерімен айналысатын тұрғындар санын 300 миллионға жеткізіп, оны шынымен де жаппай бұқаралық спортқа айналдырды. Сондықтан Қытайды қысқы спорт түрлерінің елі деп нық сеніммен айта аламыз.

Халықаралық олимпиада комитеті спортшыларды саяси бейтараптықты сақтауға шақырғанымен, саясат Бейжіңдегі олимпиаданы айналып өтпеді. АҚШ, Ұлыбритания, Австралия дипломатиялық бойкот жариялаған. Осы ретте БҰҰ бас хатшысы жарыстар кезінде бейбіт олимпиадалық ұстанымды сақтауға шақырды.

Дәурен Ақашұлы, Әмір Хайдаров