Өзбектің намысын қорғап жүрген қазақтар

Кезек «Шетелдегі қазақтар» айдарында. Бұл жолы Өзбекстан намысын қорғап жүрген қазақтар жайлы айтсақ. Әңгіме Ташкент облысының тумалары, белгілі боксшылар Елнұр Әбдірайымов пен Мадияр Саидрахымов жайында. Өзбекстан туының астында өнер көрсетіп жүрген былғары қолғап шеберлері. Бостандық ауданында туып өскен. Әлемдік және Азия додаларында талай рет жеңіске жетті. Әлі де аянбақ емес. 

28 жасына дейін Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері және Олимпиада ойындарының қатысушысы атанған Елнұр туып өскен өлкесінің ғана емес, өзбек халқының мақтанышы. Жаһандық жарыстарда намысын жыртып жүрген қазақ. Шаршы алаңда шалт қимылы, күрзі жұдырығымен есте қалады. Онысы осы спортқа баулып, баптап өсірген әкесі Нұрғали Әбдірайымовтың арқасы. Кезінде ол да боксшы болған. Өзбекстанның бірнеше дүркін чемпионы деген атағы бар.

Елнұр Әбдірайымов, боксшы:

- Малосоюз дейді ғой. Кезінде соның чемпионы болған. Енді бәлкім қанда бар шығар. Қызығуым. Боксқа келуім соның арқасы. Үйде медаль, перчатка көріп қызықтым. 2006 жылы Дохада Азия ойындары болды. Сонда Бақыт Сәрсекбаев, Елшод Расуловтар түсті ғой. Соларға қарап шабытым артты.

Елнұрмен қатар тағы бір қазақ баласы Өзбекстанның бокс құрамасында өнер көрсетеді. Ауыр салмақтағы Мадияр Саидрахымов былтыр Гамбургта өткен әлем чемпионатында қола жүлде еншіледі. Ширек финалда қазақстандық Айбек Оралбайды жеңді. Бапкерлері шәкірттерінің шебер әрі еңбекқор екенін айтады. Мадияр 25 жаста. Алдағы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі бар. Қазір сол жолда тынбай тер төгіп жүр.

Мадияр Саидрахымов, боксшы:

- Арманымыз сол, әлем чемпионатына чемпион болу үшін бардық. Ширек финалда қазақ боксшымен жұдырықтастым. Қиналдым. Жақсы спортшы деп санаймын. Тәтем боксшы болған. Көкем боксшы. Ағаларым тренер. Солардың арқасында боксқа қатысқанмын.

Қос кейіпкеріміз де Ташкенттің Бостандық ауданында туып-өскен. Арман-мақсаттары әуелден кіндік қаны тамған жердің туын көтеріп, абыройын асқақтату. Отбасынан алған тәлім-тәрбие, өнегесі мол. Ұстанымдары ағаш еккен жерінде көгеріп-көктейді дегенге саяды. Мадияр әуесқой бокста қалса, Елнұр толығымен кәсіпқой рингке ауысты. Осы кезге дейін өткізген 8 жекпе-жегін де жеңіспен аяқтады.

Толқын Қылышев, Өзбекстан бокс құрамасының аға бапкері:

- Біз үшін боксшының қандай ұлттан болғаны маңызды емес. Таланты болып, шеберлігі жетіп тұрса, Өзбекстан намысын жоғары деңгейде қорғап жүрсе бар мүмкіндік беріледі. Мадияр бала кезінен өзімізде тәрбиеленді. Ернұрды әкесі дайын боксшы ретінде құрамаға қосты. Ол қазір әуесқой рингте көп жетістікке қол жеткізіп жүр. Енді кәсіпқой бокста бағын сынайды. Жасы да, қарым-қабілеті де соған сай.

Боксшылардың екеуі де перзент тәрбиелеп отыр. Өмірлік жарлары қазақ. Спортта жеткен жетістіктері бір төбе. Ал отбасылық құндылық, ұлттық код, мәдениетті сақтай білуі нағыз мақтауға тұрарлық жайт.

«Осындай мұратпен ізімізден ерген ұрпақты да тәрбиелейміз», - дейді олар.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатульяганов