«Странджа» бәсекесі: 17 боксшымыз жүлдеге ілікті

«Странджа» бәсекесі: 17 боксшымыз жүлдеге ілікті

Болгария астанасында бокстан халықаралық турнир аяқталды. Осымен 73-ші рет ұйымдастырылған «Странджа» бәсекесі жерлестеріміз үшін сәтті өтті.

17 боксшымыз жүлдеге ілікті. Қазақстан құрамасы 4 алтын, 4 күміс және 9 қола жеңіп алды. Атап айтқанда, жеңіл салмақтағы Махмұт Сабырхан мен ауыр салмақтағы Сағындық Тоғамбай барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ал қыздар арасында Назым Қызайбай мен Валентина Хальзова алдына жан салмады. Күміс жүлде Дина Жоламан мен Ләззат Күнгейбаеваға бұйырды. Бұған қоса Дамир Әбдіқадір және Дулат Бекбауов финалда ғана қарсыластарына есе жіберді.

Айта кетейік, Софиядағы додаға 36 елден 500-ге жуық қатысушы жиналды. Олар бір апта бойы өзара мықтыны анықтады. Әуесқой боксшылар үшін бұл жылдың алғашқы халықаралық бәсекесі саналады.

ҚАЗАҚСТАН БАХРЕЙН ҚҰРАМАСЫН ЖЕҢДІ 

Қазақстан Бахрейнді жеңді. Баскетболдан 2023 жылғы әлем чемпионатына іріктеу жалғасып жатыр. Оның аясында ұлттық құрама кезекті кездесуін сырт алаңда өткізді. Манама қаласындағы матч жерлетсеріміздің айқын басымдығымен аяқталды. Қорытынды есеп: 48:95.

Айта кету керек, бұл қазақстандық спортшылар үшін іріктеу кезеңіндегі 4-ші жеңіс. Соның арқасында өз тобының бірінші сатысына жайғасты. Екінші орында Иран және екеуінің арасын 1 ұпай ғана бөліп тұр. Енді финалға шыққан командалар Жапония, Филиппин және Индонезияда өзара мықтыны анықтайды. Аталған елдің командалары автоматты түрде соңғы сынға жолдама алды. Бұдан бөлек, тағы 29 құрама бар. Олар әлем чемпионатына берілетін 5 жолдаманы сарапқа салады. Сонымен қатар, дүниежүізілік додаға Африкадан 5, Америкадан 7, ал Еуропадан 12 команда қатысады.

СТЕНД АТУДАН ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ ӨТТІ

Сұрмергендер жарысы жанданды. Шымкент қаласында стенд атудан Қазақстан Кубогі өтті. Алғашқы кезеңге 6 аймақтан 100-ден аса спортшы жиналды. Олар бір апта бойы өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, «Trap» бәсекесі бойынша Шымкент пен Қызылорда спортшылары алдына жан салмады. Ал «Skeet» түінде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкенттің құрамалары жүлдеге ілікті. Әсіресе, әйелдер арасында Сәрсенгүл Рысбекова мен Асем Орынбай, ал, ерлер арасында Андей Фролов пен Максим Коломецтер керемет көрсеткіштер тіркеді. 

Айта кету керек, ел кубогында ересектермен қатар жасөспірімдер де жарысқа араласып, өзара мықтыны анықтады. Кейін үздік спортшылардан ұлттық құрама жасақталып, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды.

ЕЛОРДАДАҒЫ ТЕННИС ТУРНИРІ КҮТПЕГЕН НӘТИЖЕМЕН АЯҚТАЛДЫ

Әйелдер арасындағы халықаралық бәсекеге әлемдік рейтингтің жүздігіне кіретін мықтылар жиналған. Олардың арасынан ресейлік Анжелика Исаева топ жарды. Соңғы сында бельгиялық қарсыласы денсаулығына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартты. Осылайша 21 жастағы Анжелика ересектер арасындағы алғашқы титулына қол жеткізді. Ал ел намысын қорғаған 6 спортшымыз жүлдеге ілікпеді.