Хоккейден Қазақстан чемпионатының негізгі бөлігі аяқталды

Хоккейден Қазақстан чемпионатының негізгі бөлігі аяқталды

«Сарыарқа» топ бастады. Хоккейден ел біріншілігінің негізгі бөлігі аяқталды.

Яғни чемпионатқа қатысып жатқан 13 команда 48 ойыннан өткізіп үлгірді. Нәтижесінде қарағандылық «Сарыарқа» тізімінің басына жайғасты. Үздік үштікті көкшетаулық «Арлан» мен атыраулық «Бейбарыс» түйіндеп тұр. Қос команда да соңғы ойындарын елордада өткізді.

«Арлан» Номадты 4:0 есебімен, ал «Бейбарыс» Барыстарды 7:1 есебімен ұтты. Бұған қоса Торпедо, Алтай, Құлагер және Ақтөбе клубтары да жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Сонымен плей-офф кезеңінде Сарыарқа Алтаймен, ал Арлан Құлагермен жолығады. Тағы 2 жолдаманы Бейбарыс Ақтөбе және Торпедо-Номад жұбы сарапқа салады.

Айта кетейік, плей-офф кезеңі 1 команданың 4 жеңісіне дейін жалғасады. Ел чемпионатының жалпы қорытындысы мамыр айында белгілі болады.