Паралимпиада-2022: Александр Герлицтің қанша сыйақы алатыны белгілі болды

Паралимпиада-2022: Александр Герлицтің қанша сыйақы алатыны белгілі болды

2022 жылғы XIII қысқы Паралимпиада ойындарында қола жүлдегер атанған Александр Герлиц мемлекет тарапынан қанша көлемде сыйақы алатыны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салсақ, бүгін қазақстандық спортшы Александр Герлиц парабиатлоннан 10 шақырымға түрегеп сырғанауда мәре сызығын үшінші болып қиды.

Александр Герлиц қола жүлдесі үшін 75 мың АҚШ доллары (38 миллион теңге) алатын болды.

Еліміздің атынан қысқы Паралимпиадада алтын алғандарға 250 мың АҚШ доллары, екінші орын иелеріне 150 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы белгіленген. XIII қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан атынан Сергей Усольцев, Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Денис Петренко мен Юрий Березин ел намысын қорғауда.

Енді қазақстандық спортшылар 11, 12, 13 наурыз күндері айтулы аламанда бақ сынайды. Қысқы Паралимпиада 4 және 13 наурыз аралығында өткізіледі. Онда әлемнің 50 мемлекетінен келген 700-ге тарта спортшы бақ сынауда.