Теннис турнирі: Рыбакина жеңіске жетті

Теннис турнирі: Рыбакина жеңіске жетті

Американың Индиан-Уэллс қаласында теннистен халықаралық турнир жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарыстың кезекті күні қазақстандық Елена Рыбакина мен белорус қызы Виктория Азаренко кездесті. Матч бір жарым сағатқа созылды және  6:3, 6:4 есебімен аяқталды. Осының арқасында Елена 4-айналымға шықты. Енді швейцариялық Виктория Голубичпен жолығып, ширек финал жолдамасын сарапқа салады.

Айта кету керек, соңғысы іріктеу аясында тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваны ұтқан болатын. Ал ерлер арасындағы сында күтпеген нәтиже тіркелді. Әлемнің ең үздік теннисшісі ресейлік Даниил Медведев рейтингде 26-шы тұрған франциялы Гаэл Монфиске есе жіберді. Бірер күн бұрын жерлесіміз Александр Бублик те сенсация жасаған еді. Ол жарыстың фавориті британиялық Энди Меррейді ұтты. Америкадағы аламан 20 наурызға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 8 миллион долларды құрайды.

ЧЛ: «АТЛЕТИКО» МЕН «БЕНФИКА» ШИРЕК ФИНАЛДА

Футболдан чемпиондар лигасы аясындағы кезекті кездесулер өтті. Оның бірін Лондондағы «Олд Траффорд» стадионы қабылдады. Жергілікті «Манчестер Юнайтед» испаниялық «Атлетико Мадритпен» жолыққан. 41-минутта қонақтар сапындағы Ренан Лоди мергендігімен көзге түсті. Бұл нәтиже ойын соңына дейін өзгермеді.

Айта кетейік, қос команда арасындағы алғашқы матч 1:1 есебімен аяқталған. Сәйкесінше, «Атлетико» ширек финалға шықты.  Дәл осындай жағдай «Бенфика» мен «Аякс» арасындағы мачта да қайталанды. Яғни алғаш ойында тең нәтиже тіркелді. Ал қарымта ойында португалиялық клуб 1:0 есебімен жеңіске жетті. 77- минутта Дарвин Нуньес гол соқты. Осының арқасында «Бенфика» чемпиондар лигасының ширек финалына өтті.  Бұған дейін «Реал Мадрид», «Манчестер Сити», «Бавария» және «Ливерпуль» клубтары да жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Қалған 2 команда бүгін анықталады, яғни «Лилль» мен «Челси» және «Ювентус» мен «Вильярреал» өзара мықтыны анықтайды.

АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРҒАНДАР

Қоржында 44 медаль. Иордания астанасы Амман қаласында бокстан азия чемпионаты аяқталды. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы бәсекеде ұлттық құрама 44 рет жеңіс тұғырына көтеріліп, медаль саны бойынша бәрінен асып түсті. Қазақстандық боксшылар 13 алтын, 14 күміс және 17 қола жеңіп алды. Әсіресе, соңғы жарыс күні финалда Темірлан Мұқатаев пен Егор Егоров жеңіске жетіп, алтын жүлдегер атанды. Ал қыздар арасында Томирис Мырзақұл, Виктория Байдукова, Ұлжан Сәрсенбек, Бақыт Сейдеш және Кәмила Бажбенова қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Бірақ жалпы есепте 20 алтыны бар Өзбекстан құрамасы топ басына шықты. Екінші орында Үндістан спортшылары. Олар 15 рет чемпион атанды. Қазақстан құрамасы бұл тізімде үздік үштікті түйіндеп тұр.