Қазақстандық теннисші Таиландтағы турнирдің чемпионы атанды

Қазақстандық теннисші Таиландтағы турнирдің чемпионы атанды
inform.kz

Таиландтағы ITF W25 Chiang Rai 2 турнирінде жұптық сында өнер көрсеткен қазақстандық Гөзал Айнитдинова чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген Г.Айнитдинова ресейлік Мария Тимофеевамен бірге төрт кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Қазақстандық-ресейлік жұп финалда жапониялық Момоко Кобори – таиландтық Луксика Кумхуммен бас жүлдені сарапқа салды. Бірінші партияда жапониялық-таиландтық жұп 6:2 есебімен басым түссе, екіншісінде Айнитдинова мен Тимофеева есе қайырды – 7:5. Сосын супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:4. Г.Айнитдинова осы додада жекелей сында ширек финалға дейін жетті. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шыққанын, Қазақстан – Германия матчының мәреге жеткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Елена Рыбакина қазақстандықтардың кубог финалына шығуына қатысты пікір білдіре келе, бұл теннисшілеріміздің тарихи жеңісі екенін айтты.