Болат Тұрлыханов кубогы: әлемнің мықтылары Алматыда бас қосады

Болат Тұрлыханов кубогы: әлемнің мықтылары Алматыда бас қосады
olympic.kz

2-5 маусым аралығында Алматыда күрес түрлерінен рейтингілік турнирлердің бірі саналатын Болат Тұрлыханов кубогы өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл аламанда әлемнің 15 елінен – Еуропа, Азия, Африка мен Панамерикадан 275 спортшы бақ сынайды.

Еркін күресте елімізге кіл мықтыларын аттандырған Иран ерекшеленді. Олардың қатарында Хасан Яздани, Камран Гасемпур мен Амир Заре секілді үш әлем чемпионы бар. Жастар арасында әлем әрі Азия чемпионы Амирхуссейн Фиразпурді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Ол 92 келіден 97 келіге ауысты. Бұл салмақта сен тұр, мен атайын деген саңлақтар жиналғанын ескерсек, ирандықтың мықтылармен тең дәрежеде өнер көрсетуден дәмелі екенін байқау қиын емес.

74 келіде Рио олимпиадасының чемпионы және Токио-2020-ның күміс жүлдегері Хасан Яздани (86) әлем чемпионатында американдық Дэвид Тейлорды жеңіп, бозкілемде әлі де алар үлесі барын дәлелдеген. Әлемнің үш дүркін чемпионы Алматыға да биік мақсат көздеп келе жатыр. Себебі дәл қазір рейтингте Яздани Тейлордан 1600 ұпайға қалыс қалып келеді.  

Ал 92 келідегі Гасемпурге қазақстандық Әділет Даулымбаев лайықты қарсылық көрсетеді деп үміттенеміз.

Жеңіл салмақтарда үндістандық спортшылар алақандарын ысқылап отыр. Олар да қаражаяу емес. Алтын медальді уыстап алсақ дейді.

Ирандық Мохаммад Реза Гераи – грек-рим күресіндегі басты жұлдыз. Айсмэн 2019 жылдан бері бес турнирде бір де бір рет жеңіліс көрмеген. Осы уақыт аралығында ол Олимпиаданың, ересектер мен U23 арасында әлем чемпионаттарының алтынын, сары құрлық біріншілігінде бас жүлдені еншілеп үлгерді.

Ол бұл жолы 72 келі салмақта өнер көрсетеді. Бұл оның Токио-2020-дағы «алтын» салмағынан 5 келі жоғары.

Қырғызстандық Жоломан Шаршенбеков пен түркиялық Керем Камал да салмағын арттырып, енді екеуі де 63 келіде жарыс алаңына шығады.

Токио-2020 күміс жүлдегері грузин Якоб Каджаяны көпшілік 130 келінің көшбасшысы деп топшылап отыр. Бірақ қазіргі әлем чемпионы ирандық Алиакбар Юсофия мұнымен келісе қоймасы анық. Ал біз Азия чемпионы отандасымыз Әлімхан Сыздықовқа сенім артамыз.  

Әйелдер арасында 76 келіде қырғызстандық Айпері Медеқызы бар. Азия чемпионаты, Яшар Догу турнирінде жеңіске жеткен ол маусымды өте сәтті өткізіп жатыр. Бірақ Африка чемпионатында топ жарған мысырлық Самар Хамза Қазақстанда да топ жарсам деп отыр.

Авторы: М.Асылбек